МТРА жаңалықтары

Әйелдерге арналған шеберлік сағаты

 

Инклюзивтілік, гендерлік теңдік, технология және инновация. Бұл – екікүндік шеберлік сағатына арқау болған тақырыптар. Шара «Инклюзивті парламентаризм орталығы» атты жоба аясында қолға алынған. Оны петропавлдық «Women without borders» қоғамдық бірлестінің өкілдері өткізіп жатыр. Наурыз айында бастау алған жоба бірнеше кезеңнен тұрады.

ЖӘМИЛА БАЙЖЕНОВА, «Women without borders» ҚБ төрайымы:
– Жобаның мақсаты – әр түрлі әлеуметтік топтағы қыз-келіншектерді біздің пайдалы бастамаларымызға тарту. Оларға технологиялық инновациялар жайлы, заң турасында білім береміз. Үшкезеңдік жобаға қатысу үшін әуелде өтініш берген 44 адамның 30-ы қатысып жатыр.

Бірінші кезеңде қатысушылар бір ай бойы онлайн форматта дәріс тыңдаған. 10 сабақтан тұратын бағдарлама барысында гендерлік саясат, инклюзивтілік, мемлекеттік жобалардың шарттары мен тиімділігі, грант алу тәртібі мен конкурсқа қажет құжаттар жайында айтылыпты. Бүгін жобаның екінші кезеңі бастау алды.

Бүгін жеке бренд қалыптастыру, бизнес-жоспар құру, әлеуметтік блог жүргізу жайлы айтылды. Ботагөз Саду – танымал компаниялардың өкілі. Қала тұрғыны әлеуметтік желіде белсенді. Бүгін айтылған ақыл-кеңестің тауарды көпшілікке ұсынуда кәдеге жарайтынына сенімді.

БОТАГӨЗ САДУ, жобаға қатысушы:
–  Сабақ қызықты өтіп жатыр. Көп дүние үйрендік. Әсіресе, инклюзивті білім беру жайындағы ақпарат маңызды. Жақындарыма көмектесу үшін осы бағытқа тереңірек үңілдім. Жоба аяқталысымен өзімнің жоспарларымды іске асыруға кірісемін. Әзірге, ол жағы құпия.

Жобаның 3-ші кезеңі тамыз айында бастау алады. Онда белсенді азаматтар инклюзивті білім беру бағытындағы жобаларға қатысады. Әр қатысушы өзінің идеясын ұсынады екен. Үздіктер тәлімгердің
қолдауына ие болады.


Самал Жунусова