МТРА жаңалықтары

Жаңажол ауылына – 90 жыл

Биыл Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылының құрылғанына – 90 жыл. Осыған орай өткен жұма күні ауыл халқы бірігіп, ұлан-асыр той жасады. Елді мекен шетінде киіз үйлер тігіліп, даладай ақ дастархан жайылды. Бірлігі бекем, болашағы баянды елді мекенді бірінші болып аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбинов құттықтап, ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

АРМАН ДҮЙСЕНБИНОВ, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары
– Мемлекет тарапынан, ауданымыздың бюджетінен осы ауылдың дамуына біршама қаржы бөлінген болатын. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Жаңажол ауылына апаратын кіреберіс жол жөнделді. Келешекте де осындай жоспарлар бар. Ауылдың ішінде ауылішілік жолдар жөнделеді. Сондай-ақ, 4 ауылға, атап айтқанда, Жаңажол, Кеңес, Бірлік, Жаңаталапқа орталықтан су тарту жүйесін құрайын деп отырмыз.

Ауылдың дамып, гүлденуіне жергілікті серіктестік иелері де үлесін қосуда. Мәселен, кәсіпкерлердің бірі елді мекенде спорттық-сауықтыру кешенін салып берген. Алдағы уақытта қалталы азаматтардың қолдауымен ауылда футбол алаңы, спорттық тренажерлер мен балалар алаңқайы орнатылмақ. Бүгінгі дүбірлі думан барысында Жаңажолдың тумасы Бейбіт Досжанов Ғалым Малдыбаев атындағы орта мектепке 1 млн теңгенің сертификатын табыстады.

БЕЙБІТ ДОСЖАНОВ, ауыл тумасы
– Біздің осындай тойларымыз бола берсін. Сіз-біз деп осылай бір-бірімізді көріп, әрбір жерде біліп амандасып солай жүре берейік. Осы мерейтойды ұйымдастырған жігіттерге көп рахмет айтамын.

Ауылдың 90 жылдығына жиналған халықтың қарасы қалың болды. Жұртшылық киіз үйлерді аралап, дәмнен ауыз тиді. Қыз-жігіттер алтыбақан маңында сауық құрды. Сондай-ақ, тойшыл қауым үшін мерекелік концерт те ұсынылды. Өнерпаздар қос ішектің күмбірімен, әуезді әнмен құлақтың құрышын қандырды.

Совет Айтқожин – Жаңажол ауылында туғаннан бері түтін түтетіп келеді. Жасы 60-тан асқан азамат елді мекеннің жағдайы жылдан жылға жақсарып келе жатқанын алға тартты.

СОВЕТ АЙТҚОЖИН, ауыл тұрғыны

– Мектебімізде жақсы ремонттар жасалып жатыр. Мешіт салынып жатыр. Өзіміздің асханамыз бар. Одан басқа жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін ФОК салынды. Бәрі жақсы.

Дүбірлі думанға алыс-жақын ауылдармен қатар Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларынан да қонақтар келді.

ЛӘЙЛӘ БАЗАРБЕКОВА, ауыл тумасы
– Ауылыма Нұр-Сұлтан қаласынан келдім. Жаңажол ауылының 90 жылдығы болып жатыр. Келешекте ауылымыздың 100 жылдығын тойлауға жазсын. Осындай елім, жұртым, халқым, ауылым деп жүрегі соғатын азаматтар көп болсын!

Бұл күні ауылда ұлттық ойындар да ұлықталды. Тепсе темір үзер толағайлар көкпар мен қазақ күресінен өзара мықтыны анықтады. Сондай-ақ, құнан және аламан бәйгеден де жарыстар өтті.

Айта кетейік, Жаңажол ауылында бүгінде 100-ден астам үй түтін түтетіп отыр. 400-ге жуық адам тұрады.

Алдияр Айтпаев