МТРА жаңалықтары

Көкөністердің құрамы тексерілді

Сауда сөрелерінде самсап тұрған көкөністердің сапасы қалай? Бүгін арна ұжымы Петропавлдағы базарлардың біріне барып, тиісті мамандармен өнімдерді нитратқа тексерді.

Қауын-қарбыз, шабдалы, өрік, шие. Түрлі түсті, иісі жұпар, дәмі тіл үйірер жеміс-жидектер қазір аса сұранысқа ие. Әдетте, аққайыңдар өлкесіне өнімдердің басым бөлігі күн шуағына шомылған оңтүстік өңірінен жеткізіледі. Мәселен, мына 1 фура қарбыз күні кеше ғана теріскейге Шу қаласынан жеткізіліпті. Тауардың иесі Тамара Ипполитованың сөзінше, саудаға шығарылар алдында қарбыздың бір емес бірнешесінен сынама алыныпты. Ал бұл – “конфетка” деп аталатын алма. Жеміс біздің өңірде өсірілген екен.

Тамара Ипполитова, кәсіпкер
 – Мен жеміс-жидек, көкөніс саудасымен 25 жыл айналысамын. Осы аралықта оңтүстік өңірмен тығыз байланыстамын. Сол жақта картоп, пияз, қызылша секілді көкөністерді өсіріп беріп, біздің жаққа жеткізетін сенімді адамдарым да бар. Барлық тауардың сапасы жоғары. Себебі, өнімдерді теріскейге жіберер алдында сол жақта міндетті түрде нитратқа тексереді. Осында келіп түскеннен кейін мұндағы мамандар тағы да сынама алады.

Тамара Ипполитова “Оңтүстік” базарында қысы-жазы сауда жасаса, Олнасын Вартаева осы жерде тек жазда ғана көкөніс сатады екен. Пияз бен қарбызды зейнеткер шырайлы Шымкенттен алдыртады. Көкөністерді ол жақта оның балалары 9 соттық жерде өсіреді.

Олнасын Вартаева, кәсіпкер
 – 93-ші жылдан бері осы жақта сауда жасаймын. Бұрындары қыста да келетінмін. Қазір тек жазда 1-2 ай істеп кетемін. Балаларым салады, мен сатамын. Көбіне қарбыз, қырыққабат, картоп, пияз секілді көкөністер. Бүгін міне 1 фура картоп келді. Лаборатория мамандары келіп тексерді, одан кейін сатуға рұқсат берді. Тауардың сапасы жақсы.

Жалпы, “Оңтүстік” базарына жеткізілген барлық жеміс-жидек, көкөніс арнайы тексерістен өтеді. Ол үшін сауда орнында өздерінің жеке зертханалары бар. Енді бұл процестің қалай жүзеге асырылатыны жайлы толық баян етейік.

Сынамаға алынған картопты алдымен мұқият жуу қажет. Кейін өнімді бірнеше бөлікке бөліп, үккіш арқылы ұсақтау керек. Енді ең маңыздысы, ұсақталған картопқа 50 мл-лік алюмо-калиевые квасцы сұйықтығын құйып, жақсылап араластырамыз. Кейін иономер құрылғысы қолданылады. Осылайша, құрылғы көрсеткен санның техникалық регламентке қаншалықты сай екендігі анықталады .Мұндай процесс небәрі 30 минутты ғана алады.

Картоптың құрамындағы нитрат қалыпты мөлшерде екен. Ал егер сәйкес келмесе не болар еді?

Роман Тарунин, “Фитосанитария” РМК СҚОФ маманы:
 – Егер өнімнің құрамындағы нитрат мөлшері қалыпты болмаса, барлық партия сатылымға шығарылмайды. Тауар толығымен жойылады. Жалпы, соңғы 10 жылда бұл базарда мұндай олқылық тіркелген жоқ. Айта кетейін, жыл басынан бері “Оңтүстік” базарының зертханасында 450-ден астам сынама алынды.

Роман Таруниннің сөзінше, барлық тексеріс нәтижесі көңіл көншітеді. Жеміс-жидек пен көкөніс құрамындағы нитрат қалыпты мөлшерде. Мұндағы тауардың сапасына петропавлдықтар да өз бағаларын берді.

Блиц: аударма
– Мен осы жерге жиі келіп, тауар сатып аламын. Біріншіден, мұндағы өнімнің бағасы дүкендерге қарағанда әлдеқайда арзан. Екіншіден, жеміс-жидектер мен көкөністердің барлығы балғын.
 – Бұл жаққа тауар күнделікті түрде жеткізіліп тұрғасын қажетті өнімді осы жерден сатып аламын. Мысалы, өрік дүкендерде 500 теңге болса, мұнда 350-ден алуға болады.

Дана Ешкенова