МТРА жаңалықтары

Отбасының цифрлық картасы 2023 жылы іске қосылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша елімізде отбасының цифрлық картасы әзірленіп жатыр.
Жоба 2023 жылы іске қосылуы тиіс. “Отбасының цифрлық картасы” атты ақпараттық жүйе әлеуметтік, денсаулық сақтау және білім саласында мемлекеттік қолдау шараларын проактивті түрде тағайындауға арналған. Цифрлық карта белгілі бір отбасының жағдайын 5 санат бойынша, яғни экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық, денсаулық пен білім деңгейін таразылауға мүмкіндік береді. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде мұқтаж жанұяға қажет мемлекеттік қолдау шаралары сараланады. Мамандардың айтуынша, бұл жүйені іске қосудың нәтижесінде мемлекеттік қызмет тұрғындардың өтініш-арыз жазуымен емес, олардың өздерін анықтау бойынша көрсетіледі. Бұған баланың тууына байланысты берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, асыраушысынан айырылғанда төленетін және бұдан өзге де жағдайларда берілетін төлем түрлері кіреді. Еске сала кетейік, осыған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейінді министрлікке отбасының цифрлық картасын іске қосуды жылдамдату жөнінде тапсырма берген болатын.


Данаш Хамзина