Спорт

Жасөспірімдер арасында футболдан халықаралық фестиваль өтіп жатыр

 

Петропавлдағы “Жастар” стадионында балалар арасында футболдан халықаралық фестиваль жарысы өтіп жатыр. Бұл сайысқа қатысушылар еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, көрші Ресейден де келіпті. Алаңға шықпас бұрын балалар денелерін ширатып жатыр. Қарсыластар әуелде белгіленіп қойылған.
Бірінші болып көкшетаулық «Оқжетпес» пен жергілікті «ЮНИОР» құрамалары шықты. Екі тарап та бір-біріне дес берер емес. Ойын қарқыны қызу. “Оқжетпес” тобының мүшесі Әлихан Қажымұрат – футбол десе, ішер асын жерге қоюға даяр спортшылардың бірі.

ӘЛИХАН ҚАЖЫМҰРАТ, жарысқа қатысушы, Көкшетау қаласы
– “Осындай жарыстарға 6-шы рет қатысып тұрмын. Футболистерден Роналдоға ұқсағым келеді. Осы жарыста жеңуге тырысамыз”.

Жарысты ұйымдастырудағы мақсат – өңірде футболдың дамуына септесу.
Бүгінгі жарысқа бала көп жиналды. Барлығы – 19 құрама. Қатысушылардың жасы 6 мен 11 жас аралығын құрайды.

ЕВГЕНИЙ КУЩ, “Юниор” футбол мектебі филиалының басшысы
– “Жарысқа 350-ге жуық бала қатысып жатыр. Бұл – лига ойындары, содан кейін суперкубок сайыстары өтеді. Командалар лигада кездеспегендерге қарсы ойнайды. Мұнда суперкубоктың тағы бір алтын медалін жеңіп алуға мүмкіндік бар”.

“Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар” демекші, жанкүйер боп ата-аналардың өздері келген. Жандарын салып балаларын демеу сөзбен қолдап жатыр. Алена Хачина сонау Омбыдан келген. Ұлы – жарыс алаңындағы«Пионер» командасының мүшесі.

АЛЕНА ХАЧИНА
– “Баламды қолдау үшін осылай бірінші рет басқа елге келіп отырмын. Бұл сәтті көп күттік. Әрине, алаңға шыққан балалардың бәрі қазір қобалжып тұр, үздік ойын өрнегін көрсетулеріне тілектеспін”.

Қай команданың жеңіске жеткені шілденің 25-сінде белгілі болады. Жеңімпаздар да, өзге қатысушылар да сыйлықсыз қалмайды. Марапат қорын әзірлеуге демеушілер тартылыпты.