МТРА жаңалықтары

Жамбыл ауданында учаскелік полиция қызметкері қамауға алынды

Жамбыл ауданында учаскелік полиция қызметкері қамауға алынды.

Естеріңізге сала кетейік, СҚО-да шілденің 11-і күні жантүршігерлік оқиға орын алды. Жамбыл ауданындағы Бауман ауылының маңында 51 жастағы әйел адам жидек жинап жүріп оққа ұшты. Нәзікжанды алған жарақатынан аудандық ауруханаға жетпей, жолда көз жұмды. Осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен қаза тапқан әйелдің 65 жастағы ауылдасы ұсталды. Оған ҚР ҚК 104-бабының 1-бөлігі “Абайсызда адам өлтіру” және аталған кодестің 287-бабының 3-бөлігі “Атыс қаруларын, оқ-дәріні, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды заңсыз алып жүру, ұстау, өткізу” бойынша айып тағылды. Ал күні кеше ғана ҚР ҚК-370-бабының 4-бөлігі “Қылмыстық құқықбұзушылық жасады” деген күдікпен сол аудандағы Озерное ауылының бұрынғы учаскелік полиция қызметкері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол осы оқиғаға қатысты жуырда ғана қызметінен босатылған болатын. Облыстық прокуратураның мәліметінше, бұрынғы тәртіп сақшысы бірінші ұсталған адамның жанында бола тұрып қайғылы оқиғаның алдын алу үшін әрекет жасамағаны анықталды.


Дана Ешкенова