Спорт

Ақбидай-2022

Ақбидай-2022. Ақжар ауданында дәстүрлі жазғы спартакиада өтіп жатыр. Мұнда 5 күн бойы облыстың түкпір-түкпірінен келген спортшылар футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, бокс сияқты спорт түрлері бойынша өзара мықтыны анықтайды. Соңғы рет «Ақбидай» ойындары кең көлемде Қызылжар ауданында 2019 жылы өткізілген екен. Биыл Талшыққа жиналған 300-ден астам адам спорттың 15 түрінен сынға түседі. Араларында жаңа танылып келе жатқан спортшылар, спорт шеберлері, ел және әлем чемпиондары да бар. Қатысушыларға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов сәттілік тіледі.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Біріншіден, СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан осы “Ақ бидай-2022” жазғы спорт ойындарының ашылуымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Өкінішке орай, пандемияның кесірінен осы ойындар тоқталып қалды. Осы Ақжар ауданының халқына, басшылығына рахмет айтамын. Ойындар, мереке жоғары деңгейде өтеді деген сенімдемін.

Шараның ашылу салтанатынан кейін келесі күні тартысты кездесулер басталып кетті. Көрермендер үшін ең әсерлісі бокс болған сыңайлы. 60-тан астам спортшы Ақжар ауданына өздерінің үздік екенін дәлелдеу үшін келген. Олар 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Шаршы алаңға 63 келі салмақ дәрежесінде М.Жұмабаев пен Ғ.Мүсірепов ауданының өкілдері шықты. Жігіттер бір-бірін жақсы таниды. Екеуі бір-біріне дес берер емес. Төрешілердің шешімімен Ғ.Мүсірепов ауданының палуаны мықты деп танылды.

АМАНТАЙ ҚАСЫМОВ, жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Бокспен айналысып жүргеніме біраз болды. Спорт шеберіне үміткермін. Кикбокспен де айналысамын. Одан спорт шеберімін. Бұл жарыста 4 жекпе-жек өткіздім, төртеуі де оңайға соққан жоқ. Ең қиыны финал болды. Қарсыласымды жақсы білемін.

Ал әйелдер арасында волейболдан М.Жұмабаев ауданы мен қызылжарлық спортшылар бақ пен бап таластыруда. Әр топ жеңістен үмітті. Қызылжарлықтар қарсыластарын 3 те 0 есебімен тізе бүктірді. Қыздар бірнеше рет жазғы спорт мерекесінің чемпиондары атанған екен. Бұл жолы да жеңіске жету мүмкіндігін ұтымды пайдаланды.

АНАСТАСИЯ ЭЙНИКИС, волейбол командасының капитаны, Қызылжар ауданы:
– Біздің жаттықтырушыларымыз мықты десем артық айтқандық емес. Команданы тез жинадық. Қыздар жас. Финалға дейін 2 ойын болды. Қарсылас командалардың барлығы мықты дайындықпен келген. Бірақ, біз олардан мықтырақ екенімізді дәлелдедік.

Футбол алаңында 3-ші мен 4-ші орын үшін ақжарлықтар мен Шал ақын ауданының футболшылары күш сынастырып жатыр. 2 тайм. Әрқайсысы жарты сағаттан. Минут сайын тартыс күшейе түсуде. Алғашқы 30 минутта шалақындықтар қарсыластарынан басым түсіп, бірден 2 гол соқты. Екінші таймда да ақжарлықтарға оңай болған жоқ. Қарсыластарының қорғанысы мықты көрінеді. Нәтижесінде 3:0 есебімен Шал ақын командасы жеңіске жетті.

ЖАНДОС ДҮЙСЕМБИН, футбол командасының капитаны, Шал ақын ауданы:
– Команда құрылғалы жаттығып жүрдік. Бертін келе қатарымызға жастар келіп қосылды. Мықты дегендерін таңдадық. Соңғы 3 жылда тек жүлдегерлер қатарындамыз. Уәлиханов ауданының командасымен өткен кездесу қиынға соқты. Айыртау командасы да осал емес. Бірінші ойында 2:0 есебімен ұтылып қалып, келесісінде 3:2-мен жеңдік.

“Ақбидай” ойындары шілденің 24-іне дейін жалғасады. Алда спортшылар еркін күрес, гір көтеру және үстел теннисінен сынға түсіп, ептілік, күш пен төзімділіктерін паш етеді.


Самал Жунусова