Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үлестік құрылысқа қатысқан 5 адам прокуратураға шағымданды

Құрылысқа қаржы саларда сақ болыңыз. Петропавлда үлестік құрылысқа қатысқан 5 бірдей адам шаруаның тоқтап қалуына және объектіні пайдалануға беру мерзімінің кейінге шегерілуіне қатысты прокуратураға шағым түсірді.

Шаһарда 20-дан астам көпқабатты тұрғын үй коммерциялық негізде салынып жатыр. Араларындағы кейбір серіктестіктер құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында жеке тұлғалардан қосымша қаржы тартқан. Бірақ, қалталарына қомақты ақшаны басқаннан кейін жауапсыз компания иелері істі аяғына дейін жеткізбепті. Сан соғып қалған петропавлдықтар құқықтарының бұзылғандығы туралы жергілікті прокуратураға шағымданған.

Ғалымжан Қазбек, Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры
– Заң бойынша үлестік құрылысқа адамдардың қаражатын тарту заңсыз болып саналады. Тұрғындардан қаражат тарту үшін жергілікті атқарушы органдардан рұқсат болу керек.  Жалпы, облыс прокуратурасымен мұндай заңсыз құрылыс салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Прокурордың сөзінше, үлестік құрылыс талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазіргі уақытта мамандар нақты қай құрылыс компаниясының заң бұзушылыққа барғанын анықтап жатыр. Әзірге, келтірілген материалдық шығын көлемі де белгісіз. Осы оқиғадан кейін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының мамандар салынып жатқан коммерциялық үйлердің барлығын тексеріп шықпақ. Мониторинг жүргізу арқылы құрылыс компаниялары мен баспана сатып алушылар арасында қандай келісім шарт жасалғандығы анықталады. Сондай-ақ, жеке тұлғалардан қанша қосымша қаржы тартылғаны белгілі болмақ.


Дана Ешкенова