МТРА жаңалықтары

Қоқыспен күрес

Қазіргі заманда тілсіз жаудың қатарына қоқыс та қосылып жатқан сыңайлы. Сол жауды жасаушы адамның өзі. Өңірде қоқысты тастау оңай, оны жинау қиын боп барады. Солтүстікқазақстандық экологтар облыс аумағында заңсыз пайда болған 54 орынды анықтаған. Оның басым бөлігі Айыртау, Мамлют және Қызылжар аудандарында орналасқан. Соңғысындағысының аумағы үлкен деседі. Мәселені шешпеген Бәйтерек ауылдық округінің әкіміне 800 АЕК – 2,5 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

АСХАТ МАПЕНОВ, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:
– ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының арасында салалық геопортал құрылды. Сол порталға ғарыштық суреттер түсірілді. Нәтижесінде облыс бойынша 54 қоқыс орны анықталды. Осы 54 қоқыс орнынан 50-і дәлелденді. 20,15 Қазіргі таңда осы 54 қоқыс орнының 33-і жойылды.

Жергілікті экология департаментіне Шаховское тұсындағы полигонға қатысты шағым көп түскен. Тұрғындардың өтініші бойынша тексеріс жүргізіліпті. Объект «Қызылжар Тазалық» серіктестігінің балансында. Ауылдағы ағайын сол жақтан келетін иіске, қоқыстың жайылып кеткендігіне, түтінге шағымданған. Мұнда соңғы 3,5 жылда жоспардан тыс 6 рет тексеріс жүргізілген.

АСХАТ МАПЕНОВ, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:
– Осы тексеріс барысында 3 экологиялық заңнама бұзушылықтары анықталды. Олар: мемлекеттік экологиялық сараптамасының қағидаларын орындамау бойынша және полигондарда тыйым салынған қоқыс бойынша бұзушылықтар анықталды.

Аталған серіктестікке қатысты мәселе 2 айдан бері сотта қаралып жатыр.
Жалпы, экология департаментінің мамандары жыл басынан бері өңірде 40-қа жуық тексеріс жүргізіп, 24 әкімшілік іс қозғаған.

АСХАТ МАПЕНОВ, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:
– Оның ішінде біреуі – профилактикалық бақылау, 17-сі – жоспардан тыс тексеру. Осы өткізілген тексерістер бойынша 80 заңбұзушылық анықталды. Оларды жою бойынша 73 нұсқама берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша департаментпен 24 әкімшілік іс қозғалды. Жалпы сомасы – 2,5 млн теңгеге.

Бірінші жартыжылдықта жүргізілген жұмыстың нәтижесінде шамамен 2 млн теңгенің айыппұлы өндіріліп алынған. 6 әкімшілік іс соттың қарауына жолданып, заңбұзушыларға тағы 5 млн теңгеден астам айыппұл салынған.


Самал Жунусова