Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жамбыл ауданындағы атышулы жол жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Интершум: 01:26 – Скорая недоезжает. Не может выехать бывает. Бывали случаи, что зимой МЧС-ники сами к нам не могли доехать. Они звонили, просили помочь.

Озерный ауылының тұрғыны Асқар Нұрсейітов жолдың жағдайына қатысты күйінішін білдіріп жатыр. Бұл аралық осы бағыттағы ауылдарды облыстық маңызы бар тасжолмен жалғайды екен. Жалғаушы жолдың бүгінгі жағдайы көрген адамның көңіліне қаяу түсіреді, онымен жүріп өткен адамды қажытып жібереді. Жол кеңес заманынан бері жөндеу көрмепті. Ой-шұңқырға толған, айналып өтейін десең ол да жоқ. Біраз қиындық көрдік дейді ауыл тұрғындары.

ЖӘДІГЕР СӘКЕНОВ, Озерный ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы
– Пресновка ауылына дейін 100 шақырым. Егер біреу ауырып қалса немесе жүкті әйел босанатын болса оны аудан орталығына дейін жеткізу қиын. Бұрын бір жағдай болған еді. Балам аппендицитпен ауырып қалды. Оны Пресновкаға апара жатқанда ой-шұңқырдан көлігімнің екі бірдей дөңгелегі жарылып қалды. Зорға жеттік. Бұл – 97-ші жылы болған жағдай. Қазір 21-ші ғасыр. Жолдар сол күйі.

Өткен жылы Петровка-Жаңажол-Бауман станциясының аралығы жөнделе бастады. Шұңқырлы тұстарына қиыршық тас төгіліпті. Қазіргі уақытта жөндеу жұмысының келесі кезеңіне дайындық жүріп жатыр. 65 шақырымдық жол жабындысы екі бөлікке бөлінген. Бірінші жартысына асфальт төселеді, екіншісі қиыршық таспен өңделеді. Іске жауапты мердігер – «Норд Жолдары» серіктестігі.

ГЕОРГ ПОГОСЯН, «Норд Жолдары» ЖШС директоры:
– Мұндағы шұңқырлар терең болды. Сол себепті, көліктеріміздің өздері кептеліп, тұралап қалмасы үшін аумақты фрезерлеуге тура келді. Өйткені, көлік атаулы дүниемен жүру мүмкін емес. Техникамыз қазір емін-еркін қатынап жатыр. Бұл жерде бізге сәл кедергі келтіріп тұрғаны – ауа райы. Жауын өтсе болды техникаға кідіре тұруға тура келеді. Ауылдар да алыс орналасқан. Материал тасымалдау ыңғайсыз.

Жауын-шашынның салдарынан маусым айында жұмысшылардың 18 күні жай өткен.
Мамырда да осынша күнге қалыс қалыпты.
Жалпы, мұндағы жолды бұзатындар ауыр жүк көліктері дейді жұмысшылар. Озерный ауылында үш бірдей элеватор бар. Әсіресе, орақ науқанында ірі техника бар жолдың тоз-тозын шығарады. Ал уақытша айналмалы жол нұсқау мүмкін емес, өйткені айнала батпақты жер.

МЕЙРАМ АМАНЖОЛОВ, Жамбыл ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:

– Осының бәрі кері әсерін тигізеді. Оған қоса қазіргі техникалар аса үлкен әрі жүгі де көп. Жолдарды ауыр салмақты көтере алатындай қылу керек. Өткен жылы 7 суөткізгіш құбыр өткізіп, 17 шақырым жол жабындысын төседік. Биыл 6 км-ге қиыршық тас төседік. Жалпы алғанда әлі 10 шақырымды қалыпқа келтіруіміз керек.


Бұл аумақтарды жөндеуге 1 млрд 220 млн теңге бөлініпті.
Басым бөлігі ұлттық қордан бағытталған. Әзірге, аталған соманың 200 млн-ы ғана игеріліп отыр.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
 – Бірінші учаске бойынша түсіндіріп өтейін. Неге мұнда әлі тиісті жұмыстар басталған жоқ? Оның өзіндік себебі бар. Екінші учаске бойынша 35 км аралыққа 7 суөткізгіш құбырын орнатып, инертті материал – қиыршық тастың 84 мың текше метрін төсеу қарастырылған. Кейін көзделген аумақтың тас-талқаны шықпасы үшін бүкіл материалды екінші аумаққа көшіруді жөн көрдік. Бұл учаскедегі жөндеу жұмыстары 2021 жылы бастау алған болатын. Бүгінде жартысы істелінді. Ондағы жұмыстарды биыл аяқтаймыз.


Келесі айда орақ науқаны басталуы тиіс. Осы орайда тұрғындар жолдың сапасына қатысты алаңдаушылығын білдірді.


Сапа осал болмасы үшін тиісті комиссия қатарына ауыл тұрғындары да қабылданды. Төселіп жатқан жолдың жай-күйін жергілікті ағайынның өздері де қадағалайды. Жоспардан ауытқушылық байқалып, өзге де кінәрат тіркелсе соны түзеу жөнінде арыз-шағым жазылады. Жолға қатысты кәсіпорын 2 жылға кепілдік береді. Осы аралықта жол бұзыла бастаса мердігер өз қалтасынан түзейді.

МАРАТ ЕСКЕНДІРОВ, Жамбыл ауданының әкімі:
-“Сапасына қатысты біраз сын айтылып жатыр. Осы орайда қолымыздан келгенше тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оған жоғарыда отырған лауазымды адамдар да көмектесіп жатыр. Жолдың бойында бір жарым мың халық тұрады. 7 ауыл бар.”


Барлық жөндеу жұмысы 2023-те аяқталуы тиіс. Әзірге, оның барысы ізінше бақыланып жатыр. Соңында сапа арнайы әдіспен тексеріледі. Бәрі дұрыс болса жол қолданысқа тапсырылады.

Данаш Хамзина