Спорт

Ұлытаулық жиһангер Петропавлға таяп қалды

72 жастағы ұлытаулық жиһангер Петропавлға таяп қалды. Осыдан 110 күн бұрын өзінің алғашқы марафонын орталық Қазақстаннан бастаған Сәрсенбай Қотырашов 15 қалаға соғып 4,5 мың шақырымды жаяу жүріп өткен. Жорығын аяқтау үшін енді ақсақалға 3,5 мың шақырымды басып өту керек. Жалпы, саяхатшының басты мақсаты ел мен жерді аралау емес. Бар ойы еліміздің тарихи орталығы Ұлытауды насихаттап, ұмыт қалған Көкмайса мерекесіне қайта қан жүгірту екен.

СӘРСЕНБАЙ ҚОТЫРАШОВ,
– 3 облысты жаңадан ашып жатыр. Соның құрметіне және қолөнер шеберлерінің санын көбейтіп, ЮНЕСКО-ға қосқым келеді. 3-ші мақсатым – 5 мың жылдық тарихы бар қымыз мейрамын қайта күнтізбеге қосу. Қазан төңкерісінен кейін бұл мейрам ұмытылып қалды. Бұл мерекені біз тойлай бастасақ, түркі тілдес халықтардың барлығы бұл мейрамды атап өтетін болады. Осылайша, арадағы байланыс одан сайын нығая түседі.

Ақсақалға оңтүстіктің аптап ыстығы да, солтүстіктің өткір желі де кедергі емес. Бір жүргенде жиһангер кем дегенде 40 шақырымды еңсереді. Салмағы 60 келі болатын арбамен тау-тасты кезіп жүрген саяхатшы жолда қиындықтардың болатындығын да жасырмады. Сапар барысында Сәрсенбай Қотырашов арбасының дөңгелектерін 14 рет ауыстырған. 6 жұп аяқкиім тоздырған екен.

СӘРСЕНБАЙ ҚОТЫРАШОВ, тілші
– Жақсы жол да, жаман жолдар да бар. “Көш жүре келе түзеледі” демекші, біздің жолдардың қалыпқа келтірілетіндігіне сенімдімін. Бәрі қолдап арқамнан қағып жатыр. Сәт сапар тілеп, тілеуімді тілеп жатыр. Қазақтың дархандылығына тең келетін бірде-бір ұлт жоқ. Барған жерім қарсы алып, қонақасын беріп, қондырып, шығарып салады. Халқыма ризамын. Сол қолдаудың арқасында күннен-күнге әлсіреудің орнына ширап келе жатырмын.

Петропавлға ақсақал бейсенбі күні таңғы уақытта жетпек. Облыс орталығында Сәрсенбай Қотырашов музейлерді аралап, өңіріміздегі қолөнер шеберлерімен кездеседі. Айта кетейік, саяхатшы өз сапарын қазан айында Ақтаудан аяқтамақ. Кейіннен марафонды қорытындылап, ЮНЕСКО-ға есеп жібермек. Сондай-ақ, ұлытаулық жиһангер реті келсе ел президентімен де жолығып, Көкмайса мерекесін күнтізбе бетіне қосуды сұраймын деп жоспарлап отыр.

Алдияр Айтпаев