МТРА жаңалықтары

Есіл ауданының тұрғыны жеке кәсібін ашты

Көрпенің түр-түрі мен киім-кешек. Ұлбике Нарынбайдың іс тігуге деген қызығушылығы бала кезінде оянған. Мектепті бітіре салысымен іс тігу курстарына жазылып, кәсіптің қыр-сырын таныпты. Өзі 10 жыл бұрын Қытай елінен көшіп келген екен. Есіл ауданында тұрып жатқанына 5 жылға жақын.

ҰЛБИКЕ НАРЫНБАЙ, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:
– 2017 жылы осы жаққа көшіп келдік. Келгеннен бері киім-кешек, көрпе, қыздың жасауы, кешкі көйлектер тігіп отырмын. Балаларым кішкентай болған соң мен басқа жаққа шығып жұмыс істей алмаймын.  Жұмыспен қамту орталығына барып жұмыс істеймін, қолымнан осындайлар келеді деп айттым. Сонда мені қолдап, маған қайтарымсыз грант берді.

Бес саусағынан бал тамған жан «Еңбек» бағдарламасы аясында шамамен 240 мың теңгенің қайтарымсыз грантына ие болды. Сол қаржыға керек-жарағын алған.

ҰЛБИКЕ НАРЫНБАЙ, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Сол 250 мың теңгемен бастап кеттім жұмысымды. Ұсақ-түйек, жіп, материалдарды Алматыдан әкеліп отырдым. Екі тігін машинасын Петропавлдан сатып алдым. Күнделікті 4-5 адам келеді.

Әзірге, тек тапсырыспен тігеді екен. Себебі, алдын ала тігіп қоятын уақытым жоқ дейді шебер. Тіпті, басқа аудандардан келіп, киім немесе көрпе тігіп беруді сұрайтындар бар. Мәселен, мына көрпе 15 мың теңге тұрады, ал кез келген көйлектің құны 5 мың теңгеге дейін барады.

Нәзікжанды қазіргі уақытта айына 150-200 мың теңге табыс табады. Дегенмен, қалаған табысыма әлі жеткен жоқпын дейді.

ҰЛБИКЕ НАРЫНБАЙ, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Ол табысқа, әзірге, жеткен жоқпын. Мен бұдан да үлкен іс ашқым келеді. Кішкентай балам 3-ке толғасын оны балабақшаға беремін. Сонда үйде емес, орталықта бір үлкенірек дүкен ашып, үйренем деген қыздар болса, өнерімді соларға үйреткім келеді.

Явленка селосында Ұлбике Нарынбай – танымал кісілердің бірі дейді аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Қасым Сейтбенбетов.

ҚАСЫМ СЕЙТБЕНБЕТОВ, Есіл ауданы жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы:
– Жалпы, Есіл ауданы бойынша грантты 2018 жылдан бері 309 адам алды. Басым бөлігі мал шаруашылығына байланысты. 01,18 Қазір ұлттық жоба іске қосылды. 02,14 Осы жылдан бастап бәрі электронды болды. Ережелерде өзгерістер бар. Грант 2 есе ұлғайды. Бұрын 200 АЕК болса, қазір 400 АЕК болды.

Биыл өңірде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Бұл бағдарлама аясында Есіл ауданына жиынтық құны 41 млн теңге болатын 36 грант бөлінген. Жыл соңына дейін грант саны өсуі мүмкін.

Самал Жунусова