МТРА жаңалықтары

Екі ер адам 400 мың теңгенің велосипедтерін ұрлап кеткен

Петропавлдық полицейлер бір үйден үш бірдей велосипедті қолды қылған екі ер адамға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Ұрлық фактісі Васильев көшесіндегі үйлердің бірінде жасалған. Тұрғындар қосдөңгелекті көліктерінің жоғалғанын бірнеше күн өтіп барып бірақ байқапты. Үш спорттық велосипедтің жиынтық құны 400 мың теңгеден асады. Ұрылар камералардың көмегімен анықталды. Екеуі де Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Қолының қыспасы бар 19 бен 22 жастағы жігіттер олжаларын «Оlх» арқылы 30 мың теңгеден сатып жіберген. Аталған факті ҚР ҚК 188-ші бабының 2-ші бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Екі велосипед тәркіленіп алынып, нақты иелеріне қайтарылды. Жалпы, облыс орталығында жыл басынан бері 40-тан астам велосипед ұрлығы тіркелген.

Данаш Хамзина