МТРА жаңалықтары

Әділдікті талап ет!

Әділдікті талап ет! Елімізде тамыз айында осындай атаумен автожолдардың сапасына қатысты акция бастау алмақ. Іс-шараны «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырады.

Бүгін Петропавлға жұмыс сапарымен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов келді. Азамат алдымен өзі жетекшілік ететін ұйымның жұмысына тоқталып өтті.

 Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры:
– Біздің үкіметтік емес ұйым 2020 жылдың қараша айында құрылған. Негізгі мақсат – мемлекет басшысының “Әділдік” бағдарламасын жүзеге асыру. Бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік мекемелердің тиімді жұмысы, ашықтығы секілді бағыттар қарастырылған. СҚО-да да біздің филиал 2021 жылдан бері жұмыс істейді.

Бірлестік 3 бағыт бойынша қызмет етеді екен. Соның бірі жол сапасын тексеру бойынша. Соңғы 6 айда ұйымға қазақстандық автожолдардың нашарлығына қатысты 2300-ден астам шағым келіп түскен. Осы орайда мамандар алдағы уақытта елдегі жолдардың сапасына қатысты республикалық акция жарияламақ. Еске сала кетейік, өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі жол сапасын сынға алып, саланы жемқорлық жайлағанын ашық айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Миллиардтаған қаржы бөлінетін салада жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Жобаларды қатаң бақылауға алып, сапаға басты мән беру керек.
Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады.

Осы ретте еліміздегі жолдар қаншалықты аянышты күйде екенін статистика арқылы айтып берейік. Дүниежүзілік экономикалық форумда қазақстандық жолдардың сапасы 138 мемлекеттің ішінде 108-ші орында тұрғаны айтылды. Африкадағы кейбір елдердің өзі бізден 7 бірдей сатыға жоғары тұр.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры:
– Сондықтан, біз Қазақстан бойынша “Әділдікті талап ет!” атты акциясын бастауды жоспарлап отырмыз. Іс-шара барысында кепілдікте тұрған барлық жолдарды, биыл салынған жолдарды қоғамдық бақылаудан өткіземіз. Егер де қандай да бір кемшіліктер анықталса оны тиісті құқық қорғау органдарына жібереміз.

Жиын барысында жолдарды жөндеумен айналысатын жергілікті “СтройДорСервис” серіктестігінің директоры Геворг Карапетян да сөз алды. Ол жолдарды жөндеу барысында қандай проблемалар туындайтынына тоқталып өтті.

Геворг Карапетян, “СтройДорСервис” ЖШС директоры
– Жолдарды жөндеуге қажетті битумды біз Павлодар зауытынан сатып аламыз. Алайда, қажетті материалдың құны ай сайын емес сағаттап өседі. Мысалы, биыл біз битумды бастапқыда 135 мыңнан сатып алып жүрсек, қазіргі құны 270 мың теңге тұрады. Бұл – шілденің 20-сындағы баға. Олардың бағаны шарықтатпайтынына кепіл бар ма? Содан қандай сапа туралы айтуға болады?

Геворг Карапетянның сөзінше жоба бойынша асфальттің бір текше метрінің құны 19 мың теңге болып бекітілген. Алайда, қазір жол жөндеуге қажетті материал 26 мыңнан саудалануда. Сондықтан, жергілікті мердігер бұл мәселені шешу үшін бір механизм қажет дейді. Елордадан келген мамандар өз кезегінде бұл мәселені жоғарыға жеткізіп, қарастыратындарын айтты.

Дана Ешкенова