МТРА жаңалықтары

Жыл басынан бері өңірде 230-дан астам адам жоғалған

Евгений Соловьев қоғамдық істерге белсенді түрде қатысады. 16 жасында алғашқы еріктілер клубын ашқан азамат қазіргі таңда 4 бірдей ұйымға жетекшілік етіп отыр. Бірлестіктердің бірі аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен қарттарға көмек береді. Келесі бірі жоғалған адамдарды іздестірумен айналысады.

ЕВГЕНИЙ СОЛОВЬЕВ, СҚО бойынша іздестіру жасағының жетекшісі
– Ірі ұйымдардың бірі болып саналатын құрылым жоғалып кеткен жерлестерімізді іздестірумен айналысады. Оған 320-дан астам ерікті мүшелік етеді. Іздеу жұмыстарын облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жүргіземіз.

Адам іздеу оңай жұмыс емес дейді Евгений Соловьев. Соңы кей жағдайда жағымсыз жаңалықпен аяқталатындары да бар. Волонтерлер жылына 30-40 рет жолға шығады екен. Кімнің қалай және қайда жоғалғандығы туралы бағыт-бағдар тәртіп сақшыларынан келіп түседі.

ЕВГЕНИЙ СОЛОВЬЕВ, СҚО бойынша іздестіру жасағының жетекшісі
– Полицейлерден жоғалған адам жайлы ақпаратты алғаннан кейін оның мекенжайын анықтаумен айланысамыз. Оны біз әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырамыз. Яғни, із-түзсіз жоғалған адамдардың фотолары мен сипатын таратамыз. Сондай-ақ, қаламыздың әр ауданында өз үйлестірушіміз бар. Іздестіру жұмыстары әр уақытта да өз нәтижесін береді деп айта алмаймын. Жоғалған жанды біден бұрын көбіне полицейлер тауып жатады. Себебі, олардың ресурстары біздікіне қарағанда әлдеқайда көп.

Ұйым төрт жылдың ішінде із-түссіз жоғалған 10-ға тарта солтүстікқазақстандықты тапқан. Дені – кәмелетке толмаған балалар. Сол себепті де іздестіру тобы ювеналды полиция қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынаста. Қос тарап өкілдері бірлесе түрлі іс-шараларды, алдын алу сынды акцияларды да өткізеді.

ЖАНАШ БЕЖЕНОВА, қалалық ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы:
– Күнделікті кешкі уақытта 23:00-ден кейін кәмелетке толмаған балалардың көшеде жүрмеуін қадағалап, рейд өткіземіз. Оған біз еріктілерді де жұмылдырамыз. Соңғы уақытта үйлерінен кеткен балаларды табуда еріктілердің қосқан үлестері орасан зор. Көбіне балалардың үйлерінен кетуіне ата-аналармен келеңсіз жағдайлардың орын алуы себеп. Сондай-ақ, заңды өкілдері түнде баланы далаға жібермегеннен кейін өздері қашып кетіп жатады.

Жалпы, жыл басынан бері полицейлерге 230-дан астам солтүстікқазақстандық жүгініп, жақынының жоғалғанын хабарлаған. Бүгінгі күні құқық қорғаушылар мен еріктілер бірлесе өтінім қалдырған 227 адамның туған-туыс, бауырын үйлеріне қайтарған.

НҰРБЕК БАЕКИН, СҚО ПД баспасөз қызметінің инспекторы
– Көбінесе адамдардың жоғалуына олардың нәпақа тауып, жұмыс іздеп басқа жаққа кетіп қалуы себеп болады. Бұл кездері ол жандар тіпті, жақындары мен туыстарына ешқандай хабар айтпай кетіп жатады. Алкогольдік ішімдік ішіп, қала кезіп жоғалатындар да бар.

Осы ретте айта кетейік, алғашқы 24 сағатта жоғалған жанды полицейлер іздейді, содан кейін іске еріктілер тартылады.


Алдияр Айтпаев