МТРА жаңалықтары

Қызылжарлық диқандар тамыздың ортасынан орақ науқанына кіріседі

Қызылжар ауданындағы “Митронин” серіктестігінің биылғы жылғы егістік алқабы 2,5 мың гектар жерді құрайды. Аталған серіктестік егін егумен сонау 90-шы жылдардан бері айналысып келеді. 2013-ке дейін мамандар тек бидай мен арпа өсіруге ден қойса, кейін майлы дақыл себуді қолға алыпты. Ал биыл аграрилер алғаш рет жасымық еккен.

Кирилл Митронин, «Митронин» ЖШС құрылтайшысы, Қызылжар ауданы:
– Жасымық – біржылдық бұршақ тұқымдас өсімдік. Ол өзінен кейін топырақта көп мөлшерде азот қалдырады. Бұл басқа дақылдар үшін өте пайдалы. Біз жыл сайын бір тұқымды бір жерге еге бермейміз. Мысалы, бұл жерге биыл рапс отырғызсақ, келесі жылы дәнді дақылдар егілуі мүмкін. Осылай кезектеп отырғызғанның нәтижесінде түрлі өсімдік ауруларынан құтыламыз.

Өткен жылғы құрғақшылыққа қарамастан серіктестік жақсы өнім жинап алыпты.
Әр гектардың шығымдылығы 20 центнерден айналған. Рапстың өнімділігі – 25, зығырдыкі 12 центнерді құраған. Кирилл Митрониннің сөзінше жақсы көрсеткішке олар заманауи агротехнологиялардың көмегімен қол жеткізген. Биылдан бастап аграрилер толығымен анкерлік әдіске ауысқан. Жаңа әдіс арқылы топырақтағы ылғалды сақтап қалуға болады.

Кирилл Митронин, «Митронин» ЖШС құрылтайшысы, Қызылжар ауданы:
– Анкерлік егудің артықшылығы көп. Мысалы, тұқымды топыраққа сіңірген кезде ол ашылып кетпейді және бұл әдісті қолданудың нәтижесінде ылғал жақсы сақталады. Соңында дәнді дақылдар уақытылы өсіп шығады. Жалпы, тұқымның түр-түрін Еуропа мен Ресей елдерінен сатып аламыз.

Мамандар бүгінге дейін әр гектарға тыңайтқыш енгізіпті. Онсыз лайықты өнім алу мүмкін емес дейді Кирилл Митронин.

Жалпы, ағымдағы жылы Қызылжар ауданында 200 мыңнан астам гектар жерге дән себіліпті. Олардың жартысы дәнді дақылдар екен. Ал 36 мың гектарға майлы дақылдар егілсе, тағы 17 мың гектарға мал азығы отырғылыпты.

ДӘУРЕН ШАҚАНОВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– Сондай-ақ, биыл шамамен 4,5 мың гектар жерге картоп егілді. 800 гектарға көкөніс, бір мың гектарға қарақұмық себілді. Барлық қарақұмық жергілікті тұрақтандыру қорына өткізіледі.

Соңғы 4 жылда Қызылжар ауданының шаруалары орта есеппен бидайдың әр гектарынан 20 центнерден өнім алған. Биыл аграрилер бұл көрсеткішті арттыруға дәмелі. Әзірге, ауа райы диқандарды қуантып отыр. Аталған ауданның диқандары
тамыздың 15-інен орақ науқанын бастаймыз дейді. Сөз соңында айта кетейік, биыл Қызылжар ауданының аграрилері 1 млрд 700 млн теңгеге 40-тан астам жаңа техника сатып алған.


Дана Ешкенова