МТРА жаңалықтары

Президент “ҚазАвтоЖол” мен “Казахавтодор” компанияларын біріктіруді тапсырды

Биыл Қазақстанда 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Іске бақандай 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды шаруаны сағызша созуға болмайтынын және жобалардың жүзеге асу барысын қатаң бақылауға алу қажеттігін қадап айтты. Көпке мәлім, елімізде жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Олар – «ҚазАвтоЖол» мен «Казахавтодор». Президент қос ұйымның бір жұмысты атқарып отырғанын, тұрғындардан шағым артқанын және жұмысшыларының саны қажетті шамадан көп екенін айта келе Үкіметке екеуін біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырды. Реформа жарты жылдың ішінде жүргізулі тиіс. Кейін барлық кемшілікті, соның ішінде жемқорлықты түзетуге бағытталған ұсыныстар мемлекет басшысына баяндалуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Жалпы, бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырту керек. FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізген жөн. Оны жүзден астам ел пайдаланып отыр. Бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек. Мұндай жүйеге көбі қарсы болады. Бұл жерде министрдің және тиісті вице-премьердің нық ұстанымы қажет. Тұтастай алғанда, осы мәселе бойынша арнайы комиссия құру керек. Оған Үкімет мүшелерін, Президент Әкімшілігі, құқық қорғау органдарының өкілдерін, депутаттарды қосқан жөн.


Байболат Култанов