МТРА жаңалықтары

«Jas Otan» жастар қанатының атауы өзгерді

 

«Jas Otan» емес, “Жастар рухы”. «AMANAT» партиясы жастар қанатының атауы өзгерді.
Жаңа атау ұйымның Зерендіде өткен кезектен тыс VI съезінде ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты. Жастар жиынына еліміздің түкпір-түкпірінен 350 делегат қатысты. Соның 11-і – солтүстікқазақстандықтар. Сөйтіп, тиісті жарғыға өзгеріс енгізіліп, жаңа атау ресми түрде бекітілді. Айта кетейік, жиынға елдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген белсенді азаматтар қатысты.

ӘЛФАРАБИ МЫҢБАЙ, жастар ресурстық орталығының директоры
 – Съезд кезінде президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың түсіндірме ретіндегі видеожолдауы болды. Отан – ол жалпыға ортақ! Көбінесе жастардың арасында рухты жастардың азайып бара жатқаны белгілі. Осы жастардың рухын көтеру мақсатында «Жастар рухы» деген атау берілді. Қазіргі таңда көптеген өзгерістер болып жатыр. Жастардың көптеген проблемалары бар, осы проблемаларды шешу мақсатында съезге қатыстық.

Алқалы жиында жастар көтерген мәселелердің бірі – ауылдағы жастардың жаппай қалаға қарай ығысуы. Жастардың идеясы мен жастардың күші ауылға да керек. Ауылды кім көркейтеді? Қыз-жігіттерді ауылды жерде ұстап қалу үшін сол елді мекеннің өзінде қандай жағдай жасалуы тиіс? Баспана, жұмыс, жалақы – съезге қатысушылар осы тақырып төңірегінде өз ой-пікірлерімен бөлісті. Жастардың көзқарастары мен ұстанымдары әр түрлі болса да мақсаттары бір – туған елге еңбегін сіңіру.

ДИНА СҰРАҒАНОВА, волонтёр
–  Жиында жастар қанатының трансформациялық жұмыс бағдарламасы ұсынылып, бірқатар қызықты идеялар мен бастамалар айтылды. «Жастар рухы» қанатының мүшелері аталған мәселерді саралап, талқылап, Үкімет қарауына ұсынады.

Жаңа атау жастар қанатының жұмысына тың серпіліс беретініне сенімді жас буын.
Жалпы, бүгінде аталған ұйымға ел бойынша 105 мың жас мүшелік етеді, оның 3 мыңнан астамы – солтүстікқазақстандықтар.