COVID-19: Қазақстан

Елдегі эпидемиологиялық жағдай

Екі жылдай елдің есін шығарып, еңсесін басқан дерттің қайта басталғанын қаламаймыз. Дей тұрғанмен, сала мамандарының сақтандырғанына назар салып, құлақ түргеннің артығы болмас. Бүгін «Елдегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы» деген атаумен өткен брифингіде денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният сөз сөйледі. Оның айтуынша елімізде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары маусым айының ортасынан бастап бері қарай көбейген.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырған кезде сырқаттану 2,5 есе өсті. Тәулігіне коронавирус расталған саны 1300-ден астам адам тіркеліп отыр. Ал расталмаған саны тәулігіне 10-15 жағдайға дейін тіркелуде. Сырқаттанудың ең көп таралуы еліміздің мегаполистерінде: Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында басталуда. Соңғы аптада ауырған адамдардың 70 пайызы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелді.

Бүгінгі таңда коронавирустың өршуіне қарамастан ауруханаға түсіп жатқан науқастардың саны аз. Реанимациялардағы төсек-орынның 4 пайызы ғана қамтылған. Ондағы науқастардың дені – қосалқы, созылмалы аурулары бар 50 жастан асқан адамдар. Ауруханалардағы коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны 5 мыңға жеткен жағдайда өңір сары аймаққа өтеді екен. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі дерттің алдын алу шарасы тек екпе егу екенін айтты. Еске сала кетейік, COVID-19-ға қарсы вакцина салу науқаны жалғасуда.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Вакцинация және ревакцинация инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы екендігі қазір бүкіл дүниежүзінде дәлелденген. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының үлгісінде ауырған адамдардың 80 пайызының егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын вакцинация өткенін байқадық. 15,17 Респбулика бойынша коронавирусқа қарсы бірінші ревакцинациямен егілуге тиісті халықтың 67,5 пайыздан астамын құрап отыр. 5 млн адам қамтылды.

Министрдің айтуынша, елдегі коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай күрделене түсуде. Күніне мыңнан астам адам аталған дерт түрімен сырқаттанып жатыр. Араларында балалар да бар. Қазіргі уақытта ауруханада ем алып жатқан науқастардың 23-і – бір жасқа дейінгі сәбилер.


Самал Жунусова