Денсаулық сақтау

Аудандық емхана жас мамандармен толығып жатыр

Марал Ошақбай – ақхалатты жас маман. Қарағанды медицина университетін тәмамдаған нәзікжанды Ғ.Мүсірепов аудандық емханасында еңбек етіп жатыр. Жалпы тәжірибелік дәрігер ауылды жерге келген жас маман ретінде мемлекеттен 2,5 млн теңге көлемінде қолдауға ие болған.

МАРАЛ ОШАҚБАЙ, Ғ.Мүсірепов аудандық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері:
– 2019-2020 жылдар аралығында резидентура бітірдім. Жалпы медицинаға түсу себебім, бұл – менің бала кезімдегі арманым. 7-8 сыныптан бастап таңдаған пәндерім биология болды. Осында келу себебім құрбымның шақыруына байланысты. Жақсы жағдай жасалған. Келгенде мемлекеттен көтермеақы берілді. Содан кейін үймен қамтамасыз етті. Қызметтік пәтер берді. Барлығы бар. Кабинетім бар. Учаске бөліп берді.

Бауыржан Фазыловтың аудандық емханаға орналасқанына бір жылдан асыпты. Бұған дейін қостанайлық және нұрсұлтандық емханаларда еңбек еткен екен. Тәжірибесі бар. Өзі жергілікті жердің тумасы болғандықтан туған өлкеме келіп жұмыс істеуді жөн көрдім дейді.

БАУЫРЖАН ФАЗЫЛОВ, Ғ.Мүсірепов аудандық емханасының травматолог-дәрігері,
– Тиісті тәжірибе жинағандықтан аудандық емханаға келуді жөн көрдім. Мұнда барлық жағдай жасалған. Қажет болса, науқастарды тексерілуге қалаға жібереміз. Жаз кезінде жарақат алу жағдайлары жиілейтіндіктен жұмысымыз көбейеді.

Ауданда жұмысқа орналасқан жарақат емдеуші маман мемлекеттен қолдауқаржы алған. Дәрігер мамандығын таңдағанына өкінбейді. Оған қаралған науқастар жас болса да сенім ұялатады дейді.

– Өз ісін біледі. Бүкіл сұрағыма жауап берді, тыңдай біледі. Тиісті емін тағайындады, енді соның нұсқауымен ем қабылдаймын.

– Мамандардың барлығы осындай болса науқас саны азаяр еді деп ойлаймын. Сапалы қызмет көрсетудің нәтижесінде дертінен тез жазылып кетер еді. Өз ісіне жауапты маман.

Өңірдің денсаулық саласындағы кадр тапшылығы әлі күнге дейін өзекті. Мәселе шешіліп жатыр дейді, бірақ түпкілікті шешілер емес. Биыл Ғ.Мүсірепов ауданына екі ақхалатты келген. Екеуі де жалпы тәжірибелік дәрігер. Алдағы уақытта қанша келетіні белгісіз. Өңір бойынша әлі 250-ден астам дәрігер қажет.


Самал Жунусова