МТРА жаңалықтары

Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдерге тапсырма берді.

 

Жиын барысында Президент халықтың табысын арттыру бағдарламасының тиімсіздігін сөз етті. Мемлекет басшысының айтуынша, бағдарламаның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Себебі, бүгінде Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кеткен көрінеді. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайызды құраған. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан, Мемлекет басшысы әкімдерге жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тапсырма берді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан, Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс.

Дана Ешкенова