ТЖ

СҚО-да 3 бірдей адам суға батып кетті

 

Өткен демалыс күндері СҚО-дағы су айдындарында 3 бірдей қайғылы оқиға тіркелді.

Алғашқы жаға ұстатарлық жағдай шілденің 9-ы күні Ғ.Мүсірепов ауданында болды. Бір топ жас жігіт Новоишимское ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан өзенге суға шомылуға барған. Араларында туыстарына қонаққа келген 2002 жылғы Түркістан облысының тумасы бар. Өкінішке қарай, 20 жастағы қонақ жігіт суға кіріп, қайтып жағаға шықпаған. Марқұмның денесін құтқарушылар судан келесі күні тапты.
Ал екінші қайғылы жағдай шілденің 10-ы күні Қызылжар ауданында болды.

ҚУАТ МАХМЕТОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
– Екінші жағдай Қызылжар ауданы Новоникольское ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан Есіл өзенінде орын алды. 1998 жылғы азамат және оның 2016 жылғы баласы су құрбаны болды. Әкесі баласын құтқараамын деп өзі де суға батып кетті.

Ер адамның денесін судан сол жерде демалып жатқан жандар алып шығыпты. Ал 6 жастағы баланың денесін құтқарушылар келесі күні тапқан. Қайғылы оқиғалардың барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде болып отыр. Осы ретте естеріңізге сала кетейік, облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 58 орын бар.

ҚУАТ МАХМЕТОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
– Бүгінгі күні тұрақты ыстық ауа райы орнады, сондықтан, бос уақытты суда өткізген кезде сергек болу керек. Өткен жылы облыс аумағында 22 адам суға кетті, оның ішінде 6-уы – бала. Соңғы 9 жылда облыс бойынша бейресми бұқаралық демалыс орындарында 211 адам суға кетті, оның ішінде 33-і – бала. Ресми жаппай демалыс орындарында адамдардың қаза табуына жол берілген жоқ.

Мамандардың айтуынша ыстық белең алған соңғы күндері өзен-көлдерге барушылардың саны бірнеше есеге артқан. Су – демалыс орны, бірақ қауіпсіздік ережесін сақтамаған жағдайда тілсіз жауға айналатынын ұмытпау қажет.


Дана Ешкенова