МТРА жаңалықтары

МИБ-ке ауысу жеңілдеді

 

«Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот». Бұл – көппәтерлі үйді басқарудың жаңа қағидасы. Өзгеше басқару формасының өзіндік тиімділігі бар дейді сала мамандары. Бірақ, бір үйдің өзін мүлік иелерінің бірлестігіне ауыстыру оңай шаруа емес. Мұны Жамбыл көшесіндегі 49 Б мекенжайы бойынша орналасқан баспананың төрайымы Юлия Андроненко өз тәжірибесіне сүйене отырып растады. Нәзікжанды тиісті құжаттарды рәсімдеумен өткен жылдың басында айналыса бастаған. Бір ай бойы құжат теріп, азаматтардың қолдарын жинаған. Әрқайсысының пәтеріне баруға тура келген.

ЮЛИЯ АНДРОНЕНКО, «Ж.Жабаев, 49Б» МИБ төрайымы:
–  8 хаттамаға қол қойдырып, қолдардың 50 пайызын жинау қажет. Мен 5 үйге жауаптымын. Соның үшеуі мүлік иелері бірлестігіне ауыстырылды. Қалған екеуіне қатысты бірқатар мәселе туындап қалды. Техникалық құжаттарын іздеп тауып, топтастыру керек.

Енді үйді басқарудың жаңа формасына ауысу үшін көп құжаттың қажеті жоқ. Тек тұрғындармен өткен жиналыстың хаттамасы, жарғы мен өтініш қағазы керек.

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйелеріне Oci.kz платформасы қосылды. Енді үйді басқарудың жаңа формасына ауысу үшін меншік иелерінің тізімін ұсынудың қажеті жоқ. Олар Oci.kz сайтында бар.

Қазіргі уақытта Петропавлда 300-ге жуық үйдегі басқару ұйымы МИБ ретінде тіркелді. 200-ге жуығындағы басқару формасы әлі бұрынғы тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Уақыт әлі бар. Пәтер иелерінің кооперативі өз жұмысын 2023 жылдың 1 шілдесінде тоқтатады.


Самал Жунусова