Көптен бері көтеріліп жүрген Якорь ауылындағы су мәселесі әйтеуір шешімін тапты.
Іргедегі якорьлықтар 20 жылдан бері ауыз судан таршылық көріп келеді. Тіршілік көзі жоқ емес, бар. Алайда, сығырайып қана ағады. Оның өзінде күн сайын белгілі бір уақытта ғана беріледі. Елді мекен тұрғыны Анна Иванованың сөзінше, мал ұстап, бақша суару былай тұрсын, кейде қол жуудың өзі кәдімгі проблемаға айналады екен.
АННА ИВАНОВА, Якорь селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Ауыз судан біраз таршылық көрдік. Менің үйім құдықтан алыс орналасқан. Қар демей, батпақ демей қысы-жазы соған барамыз. Тапшылықтың салдарынан өткен жылы бақшама да ешнәрсе екен жоқпын. Жергілікті билік сонда бұл проблема келесі жылы шешіледі деп уәде етті.
Бұл жолы уәде жерде қалмады. Қазір Якорь ауылында су желілерін жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Көктемде басталған шаруа бүгінде 75 пайызға тәмам.
Жұмыс барысымен танысу үшін елді мекенге облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келді. Өңір жетекшісіне атқарылып жатқан шаруа жайлы Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов баян етті.
ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
– Якорь ауылында су желілерін жаңғырту жұмыстары мамыр айында басталды. Жоба 2 жылға арналған. Яғни, шаруа жоспар бойынша 2023-тің шілде айында аяқталуы тиіс. Алайда, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде шамамен 14 шақырымды құрайтын су желісінің 10 шақырымы жаңғыртылды. Ауыл ішінде 156 құдық пайда болуы тиіс. Қазір оның 130-ы дайын. Сондықтан, қалған істі келесі жылға қалдырмай биыл аяқтаймыз деп отырмыз.
Қазір Якорь ауылында 712 үй бар. Су желілері әр көшеге тартылмақ. Бүгінде ондаған жан арман болған суды баспаналарына кіргізуге өтініш беріпті.
Кейін, Құмар Ақсақалов елді мекен тұрғындарымен тілдесті.
Үйлеріне су кіргіземін дейтін жандар жетерлік. Құбырды баспанаға дейін тарту үшін әр үй иесінен 1 метр үшін 3500 мың теңге алынады. Ал зейнекерлер қалтадан аз ақша шығарады. Іске жауапты «КазЕвроСтрой» серіктестігі арнайы топтағы жандарға қол ұшын созбақ.
СЕРГЕЙ КОЛЕСНИКОВ, «КазЕвроСтрой» ЖШС өкілі:
– Үйге су кіргізіп беруге дайынбыз. Жалпы, біз 10 шақырым 110 диаметрлі құбыр тарттық. Қалған бөлікке диаметрі 160 см құрайтын желі тартылады. Бұл қысымды арттырады, яғни, тіршілік көзінің баспаналарға үздіксіз жетуіне септеседі.
Якорь ауылынан бөлек, бүгінде өңірдің 55 елді мекенінде су құбырларын салу және жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Ағымдағы жылы 15 ауылдағы шаруа аяқталмақ.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Ағымдағы жылы облыс бойынша 135 шықырым су желісін салу және жаңғырту үшін бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда өңірдегі 635 ауылдың 406-сы орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтамасыз етілген.
Сөз соңында Құмар Ақсақалов ауылдағы ағайынды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмысы келесі жылы да жалғасатынын айтты.
Дана Ешкенова