Өңірлік туризм

Туризм

18:13 12 Шілде 2022

Новоникольское селосынан Қарғалы аралына дейін. Мектептен тыс жұмыс бойынша балалар мен жасөспірімдер орталығы саяхатшыларының кезекті маршруттары осындай. Ұл-қыздар 5 күн бойы 60 шақырымға тарта жолды жаяу жүріп өтпек. Осы уақыт аралығында олар орталықта үйренген дағдыларды іс жүзінде қолданады.

ИГОРЬ ЕРМАК, қалалық мектептен тыс жұмыс бойынша балалар мен жасөспірімдер орталығының педагогы
– Есіл жағасымен жүреміз. Приишимка, Қарлыға, Ивановка сынды ауылдарды кесіп өтеміз. 4 түн далада түнейміз. Бұл саяхатқа балалар жыл бойы дайындалды. Түрлі дағдыларды меңгерді.

Бүгін жолға барлығы 14 бала шықпақ. Араларында енді ғана туризмнің қыр-сырын танып жүрген жеткіншектер де бар. Олар үшін бұл саяхат бірінші болмақ. Бұл ретте Валерия Яушеваның тәжірибесі аз емес. Нәзікжанды орталықтағы туризм үйірмесіне 3 жыл бойы қатысып жүр. Осы уақыт аралығында бұрымды 4 рет жолға шығыпты. Яғни, бүгінгі сапар ол үшін 5-ші болмақ.

ВАЛЕРИЯ ЯУШЕВА
– Маған табиғат аясында уақыт өткізген ұнайды. Саяхатымыз әр уақытта да көңілді өтеді. Сапар барысында біз бір-бірімізге көмектесіп, қолдау көрсетеміз. Әрине, жолдан кейін шаршаймыз. Бірақ, бұл алған әсермен және эмоциямен салыстырсақ түк те емес. Бүгінгі сапарға толық дайынмын. Көңіл-күйім тамаша.

Орталықтың туризм бөлімінде барлығы 220-дан астам бала бар. Бірақ, саяхатқа оның барлығы бірдей шықпайды екен.

ИДЕЯ СЕЙТМУХАМБЕТОВА, мектептен тыс жұмыс бойынша қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры
–  Биыл 7 саяхат ұйымдастырылмақ. Оның барлығы да өңір аумағында өткізіледі. 70 бала қатысады деп жоспарлануда. Орын санының аздығына байланысты саяхатқа тек үздіктер шығады. Яғни, жыл бойы бізге тұрақты түрде келіп, дағдыларды жақсы меңгергендер ғана барады.

Жалпы, өңірімізде ішкі туризм жыл санап дамып келеді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының өзінде облысқа 26 мың турист келіп, көрікті, тарихи жерлерді аралап кеткен екен. Айта кету қажет, бүгінде аққайындар өлкесінде саяхатшылар жиі тоқтайтын 28 арнайы орын бар.

ҚАНАТ ШАМСУТДИНОВ, СҚО бойынша кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
– Өңірімізде танымал жерлердің қатарына “Қос ағайынды”, “Қазан тау” төбелері мен “Қарасай мен Ағынтай” мемориалдық кешені кіреді. “Айғаным” қонысы мен “Ботай” тұрағы да осы тізімде. Жалпы, жыл сайын облысымыздағы барлық тарихи және демалыс орындарында жаңғырту жұмыстары өткізіледі. Тиісінше қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді.

Аз-кем статистикамен бөлісейік, былтыр ел бойынша 6,9 млн ішкі турист тіркелген. Бұл 2019-2020-шы жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш екен. Айта кету қажет, биыл жыл соңына дейін елімізге 700 мың турист шекара асып келеді деп күтілуде.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз