МТРА жаңалықтары

Ауылдардағы жол жөндеу жұмыстарының сапасына міндетті сараптама енгізіледі

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарының сапасына міндетті сараптама енгізу механизмін даярлауда.

Ол ағымдағы жылдың соңына дейін бекітілмек. Басты мақсат – саладағы бақылауды күшейту. Атап айтқанда, көлік саласына қатысты жаңа заң жобасы әзірленуде. Ол «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» арқылы елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарына міндетті сараптама жүргізуді қарастырады. Осылайша, Ұлттық сапа орталығы сараптама барысында жөндеу жұмыстарының тиісті нормаларға сәйкестігіне байланысты қорытынды шығара алады. Айта кетейік, бүгінде Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 157 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырым республикалық маңызы бар жол желісі болса, 71 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар санатына кіреді. Ал елді мекендердегі жолдардың ұзындығы – 61 мың шақырым.

Дана Ешкенова