МТРА жаңалықтары

Сот шешімі шықты

 

Петропавлда автокөлік контрабандасымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі бойынша сот үкімі шықты.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың ақпан айында Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері темір тұлпарларға жалған құжат жасап, Жапониядан Қазақстанға қосалқы бөлшек түрінде жеткізіп отырған 4 теріскейлікті қолға түсірді. Күдіктілерге бірнеше қылмыстық бап бойынша айып тағылды. Олар: экономикалық контрабанда жасау, трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған қатысу, заңсыз алынған қаражатты заңдастыру. 1,5 жылға созылған сот отырыстарында прокурор айыптаушыларға ең қатаң жаза қолдануды, яғни, 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айыруды сұрапты. Бүгін іске нүкте қойылып отыр.

Ерлан Нұршарыпов, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
– Сотталушылар кінәсіз деп танылсын. Тексеріс барысында олардың Евразиялық Экономикалық Одақ шекарасы арқылы Жапониядан көлік тасымалдамағаны анықталды. Күдіктілер жалдамалы қызметкерлер ретінде Ресейден машина жеткізіп отырған. Осы себепті, сотталушылар сот залынан босатылсын. Ал тәркіленген темір тұлпарлар кері қайтарылсын.

Мұндай шешімді естіген айыпталушылар да, олардың туған-туысқандары да эмоцияларын жасыра алмады. Жақындарымен қауышып жатқандардың бірі – Аслан Талипов. Ер адамға ҚР ҚҚ 264 бабы, яғни, трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған қатысу бойынша айып тағылыпты.

Аслан Талипов
– Сот шешімі көңілімнен шықты. Апелляциялық шағым түсірмеймін. Бірақ, бізге айып тағып, темір торға тоғытқысы келген жандардың үстінен арыз жазамын. Біз нақақтан-нақақ тергеу изоляторында отырдық.

Сот шешіміне Андрей Дылдинның да көңілі толады. Себебі, 1,5 жыл бұрын ер адам айып тағылған топтан көлік сатып алыпты. Көп ұзамай әлгі машина тәркіленген екен. Бүгінгі шешімге сәйкес, темір тұлпар иесіне қайтарылмақ.

Андрей Дылдин
– Сот шешімімен толыққанды келісемін. 1,5 жыл бұрын гаражда тұрған көлігімді алып кетті. Егер темір тұлпарыңды бермесең, саған да айып тағылады деді. Қазір машинам айып тұрағында тұр. Алдағы уақытта алып кетемін.

Айта кетейік, сот залынан босатылған төртеу олардың әрекетінен зардап шеккен жандарға 5-тен 15 АЕК дейін өтемақы төлейді.


Дана Ешкенова