МТРА жаңалықтары

Қысқа қазірден қамдан!

 

Бұл – өткен жылдың 31-ші қыркүйегінде түсірілген видео. Қаламыздағы теміржол тұйығының бірінде болған автор көмірдің жоқтығына шағымдануда. Мұндай жағдай, яғни, қара отынның тапшылығы әлі елдің есінде шығар!?

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Былтырғы жағдай солтүстікқазақстандықтарға сабақ болған сыңайлы. Біз қазір Жұмысшы кентінде орналасқан теміржол тұйығындамыз. Мұнда тұрғындар таңсәріден келіп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, көліктердің шеті ана жақта орналасқан. Теміржол тұйығы қызметкерлерінің айтуынша, бұл жерге күніне 150, кейде 200-ге дейін көлік келеді екен.

Көлік жүргізушілерінің ұзын-сонар кезекке тұруына қара отынның бары себеп. Кеше ғана теміржол тұйығына мақтаулы Шұбаркөл көмірінің бірнеше вагоны жеткізіліпті. Оны қаламыздың әртүрлі ауданында тұратын адамдар алып жатыр.

Ауыр техника бір сәтке де тоқтамайды. Оның жүргізушісі кезекті темір тұлпарға қара отын артуда. Бұл машина Галина Любовицкаяның үйіне бармақ. Көлікте көмір, көтеріңкі көңіл. Азаматша жұмыс барысына қуана қара тұр. Қуанатындай жөні де бар. Сатып алған 4 жарым тонна өзіне артығымен жетеді.

ГАЛИНА ЛЮБОВИЦКАЯ, қала тұрғыны:
– Жеке жер үйде өзім жалғыз тұрамын. Былтырғы жағдайды әлі ұмыта қойған жоқпыз. Біраз адам көмір таппай қиналды. Абырой болғанда мен қара отынды шілдеде сатып алғам. Биыл да осы айда алуды жөн көрдім. Өкінішке қарай, осы жылы тасымалдаушылар бағаны арттырыпты. Жаңа жүргізушілердің бірімен 8 мың теңгеге келістім.

Көлік жүргізушілері бағаны арттырғанымен, көмірдің құны сол қалпы қалды. Айта кеткен жөн, өңірімізде бекітілген сома бірнеше жылдан бері өзгеріссіз тұр.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қазір көмір күнделікті жеткізіледі. Қала тұрғындарының арасында Шұбаркөл және Қаражара сұранысқа ие. Бүгінгі таңда екеуі де бар. Бағалары өзгермеген. Шұбаркөл көмірінің бағасы 14 800 теңге, ал Қаражара көмірінің бағасы 15 300 бен 15 500 теңгенің аралығында.

Көмір тапшылығы да сезілмейді. Дегенмен, бұған масаттанып жағаны жайлауға жіберуге болмайды. Былтырғыдай жан-жақтан қара отын іздемес үшін қысқа қазірден қамданған жөн.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Бүгінгі таңда көмір 3 теміржол тұйығында сатылып жатыр. Шұбаркөл көмірі Жұмысшы кентінде сатылады. Ал Қаражара көмірі Ленинград, 116 және Труд қысқа көшесі, 18А мекенжайлары бойынша сатылады.

Қазір Петропавлдағы 14 мыңнан астам үй қара отынмен жылытылады. Олардың тұрғындарына – 70, ал өңір халқына 420 мың тонна көмір керек екен. Шаһардағы кәсіпкерлер аудандарға да сатады. Бірақ, өздерінің талаптары бар.

БАҚЫТЖАН ТҰРМҰХАНБЕТОВ, “Жан” ЖК жетекшісі
– КАМАЗ-дар келіп жатыр. Оларға да беріп жатырмыз. 10 тоннадан сатылады. Өйткені, мына жердегі халық алып алуы тиіс.

Солтүстікқазақстандықтардың құлағына алтын сырға! Күзге таман өңірімізде көмір қымбаттауы мүмкін екен. Қалалық әкімдік өкілдері тұрғындарды осы себепті қара отынды қазір сатып алуға шақырады.


Байболат Култанов