МТРА жаңалықтары

Петропавлда қайырымды жандар марапатталды

Жақсылық жасауға жаны құмар жандар. Петропавлда “Қайырымдылық керуені” байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Бүгін Егор Замерчук “Бала жүрегі” номинациясында топ жарды. Жерлесіміз жыл бойы жалғызбасты қарттарға, көмекке мұқтаж жандарға қолғабыс еткен. Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасыларды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз еткен.

ЕГОР ЗАМЕРЧУК, ерікті
– Жұмысымыз тек адамдарға көмек берумен шектелмейді. Қатарластарыммен қараусыз қалған жануарларға да қол ұшын созамыз. Экологияның жақсаруына да өз үлесімізді қосамыз.

“Қайырымдылық керуені” байқауында “Жануарға мейірім” атты ерекше номинация бар. Бүгін бұл бағытта Екатериана Королева жеңімпаз атанды. Нәзікжанды қараусыз қалған ит-мысықтарға пана тауып, тамақтандырады. Иесінің немесе бөгде адамның қорлығына ұшыраған төртаяқтыларға медициналық көмек те көрсетеді. Бүгінге дейін “Белый Бим” жануарлар үйінің меңгерушісі мыңнан астам үй жануарын қамқорлығына алып, күткен екен.

ЕКАТЕРИНА КОРОЛЕВА, “Белый Бим” жануарлар үйінің меңгерушісі
– Жануарларға көмектесіп, ерікті болып жүргеніме 10 жылдан асты. Қазіргі таңда үйсіз ит-мысықтар өте көп. Бұл – тек біздің қаламыздағы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы проблема. Жер үйлер сүріліп, иелері көшкен жағдайда жануарларын далаға тастап кетеді. Біз оларды питомникке апарып, емдеп, жаңа жанұя іздейміз.

Жалпы, бүгін “Қайырымдылық керуені” байқауының облыстық кезеңінде 7 номинация бойынша 20-дан астам солтүстікқазастандық марапатталды. Олардың барлығына дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

ВИЛЬДАНА ҚОЖАХМЕТОВА, СҚО бойынша іскер әйелдер қауымдастығы басшысының орынбасары
– Қайырымдылық керуені байқауы елімізде осыменен 4-ші рет өткізілуде. Бұл байқауды іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Бізге 46 өтініш келіп түсті. Оның 20-сы бүгін номинация бойынша марапатталып отыр. Бірінші жыл мен осы төртінші жылды салыстыратын болсақ, қатысушылардың саны көбейіп келеді.

Айта кету қажет, солтүстікқазақстандықтар “Қайырымдылық керуені” байқауының республикалық кезеңінде де жүлдеге ілігіпті. 8 жерлесіміз түрлі номинациялар бойынша Түркістан қаласында марапатталған.

Алдияр Айтпаев