МТРА жаңалықтары

Пайдаланылмайтын және заңсыз берілген жерлерді қайтару

Қазақтың ұлан-ғайыр аумағында ұшқан құстың қанаты талады, шапқан тұлпардың тұяғы тозады. Дей тұрғанмен, қазіргі қоғамда жер жетпейді деген мәселе бар. Осы күні кейбір жандар егін егетін, кейбірі мал жаятын төңірек таппай, мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздыруда. Бұдан Президент те хабардар. Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті проблеманы шешу қажеттігін бірнеше жылдан бері айтып келеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – Қазақстан Республикасының Президенті
– Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс.

Біреулер бәленбай гектарды заңсыз алса, енді біреулер заңды жолмен рәсімделген аумақтың өзін пайдаланбайды. Мұндайға жол жоқ. Мемлекеттен ұсынылған әр шаршы метр іске жаратылуы, пайда әкелуі тиіс. Ағымдағы жылдың 7-ші маусымында өңірімізде ведомствоаралық топ құрылыпты. Оның басты мақсаты – заңнаманы бұза отыра берілген және пайдаланылмайтын учаскелерді кері қайтару.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Кері қайтару үшін кәсіпкерлер иелік ететін жерлерде тексеріс жүргізу қажет. Ал бұған мораторий жарияланған, яғни, заңмен тыйым салынған. Дегенмен, өңір аумағында құрылған топ өз жұмысын жалғастырып жатыр. Мамандар Президент жүктеген міндетті орындау үшін ең алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігінен рұқсат алады. Кейін барып қана іске кіріседі. Биыл ведомство өлкедегі 178 адамның 312 мың гектардан астам жерін тексеру жөнінде шешім шығарыпты.

Осы рұқсаттан кейін тиісті шара басталған. Топ өкілдері бүгінгі күнге дейін шамамен 177 мың жерді тексеріп үлгеріпті. Біраз бұзушылық анықталған екен.

БАҚЫТЖАН БЕКІШ, СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:
– Биыл 34 тексеру жүргіздік. Жұмыстар 21 мың гектар егістік жерде және 155 мың гектар жайылым жерде жүргізілді. 117 мың гектар алаңда 25 бұзушылық анықталды.

Бұзушылықтарды жою бойынша кәсіп иелеріне 25 нұсқама беріліпті. Олар енді салықты 20 есе көп төлемек. Іскер жандардың арасында олқылықты жойып үлгергендер де бар. Мысалы, өңірдегі 10 шаруашылық мал алып, 6,6 гектарға жайыпты. Ал жұмысқа құлықсыздардан әжептәуір алқап алынып, мемлекетке қайтарылған екен.

БАҚЫТЖАН БЕКІШ, СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:
– Жалпы, жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша бүгінгі күні 70 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды.

Заңнаманы бұза отыра берілген учаскелер де мемлекет меншігіне қайтарылады. Қазір өңір соттары 4 мың гектардан астам жер бойынша жолданған 16 талап арызды қарап жатыр екен.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Сотта қаралап жатқан талап арыздардың дені жайылымға қатысты. Сөз соңында мынандай дерекпен де бөлісейік. Өңірімізде ұсынылған жерді пайдаланбау немесе заңнаманы бұза отыра учаске беру жайты Уәлиханов ауданында жиі тіркеледі екен. Жалпы, биыл Үкімет ел бойынша мемлекет меншігіне 5 млн гектарды қайтармақшы.

Байболат Култанов