МТРА жаңалықтары

«Қазақстан халқына» қорының қызметі

Өңірге жұмыс сапарымен «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы
Болат Жәмішев келді. Ол облыстық әкімдікте жиын өткізіп, қордың жұмыс істеу механизмі жайлы баяндады.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» атты қоғамдық әлеуметтік қор құрылды. Бүгінде бұл қор 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтсақ, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларына басымдық берілген. Денсаулық сақтау саласына кеңірек тоқталып өтейік. Қор орфондық аурулармен ауыратын, яғни, сирек кездесетін дертке шалдыққан балаларды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді.

Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы
– Сондай-ақ, қор арқылы біз еліміздің барлық перинаталдық орталығын офтальмологиялық скринингпен қамтымақпыз. Бұл скрининг құрсақішілік дамудың түрлі патологиясын дәл және дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Тағы біздің қор балалардың туа біткен тамыр патологиясы проблемаларын шешуге көмектеседі. Нақтырақ айтсақ, бұл көмек халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін жандарға бағытталған.

Сондай-ақ, “Қазақстан халқына” қоры тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етпек. Мысалы, бағдарлама аясында жыл соңына дейін 13 экзоскелет шығару жоспарланып отыр. Енді білім саласына тоқталайық. Қор биылдан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан немесе жетім балаларға жоғары оқу орындарында білім алу үшін грант қарастырып отыр. Еліміздің 85 жоғарғы оқу орнының әрқайсысына 3 гранттан бөлінеді. Жалпы, грант саны – 360.

Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы
– Тағы қордың негізгі идеяларының бірі – әр өңірде тірек мектебін құру. Алдымен 17 ауылдық оқу орнын жабдықтау жоспарлануда. Орта есеппен әр мектепке 250 млн теңге жұмсалмақ. Кабинеттерді заманауи техникамен жабдықтаймыз және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен келісім жасастық. Олардың мамандары осы мектептердің оқытушыларына шеберлік сағатын өткізеді.

Жиын барысында жергілікті кәсіпкер Сергей Звольский сөз алып, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасына ұсыныс жасады. Бизнесмен ауыл жастарына көбірек көңіл бөлу қажеттігін алға тартты.

Сергей Звольский, кәсіпкер
– Шынымен де ауыл мен қала мектептерінің білім деңгейі жер мен көктей. Сондықтан, қазіргі таңда осыған баса назар аудару қажет. Жастардың көбісі ауылдан көшіп кетіп жатады. Мен өз тарапымнан осы бағытта қормен бірге бірлесе жұмыс істеуге дайынмын.

Жиын барысында солтүстікқазақстандықтар Болат Жәмішевке денсаулық сақтау саласындағы сапаға қатысты және спортты дамыту бойынша бірқатар ұсыныс жасады. Сөз соңында айта кетейік, қордың ашылғанына 7 ай өтті. Осы аралықта қорға 38 мың қазақстандықтан өтініш келіп түскен. Болат Жәмішевтің сөзінше, өтініштердің басым бөлігі несие жабу, үйге арналған қарызды өтеуге көмектесу жайында. Алайда, аталған мәселелерді шешу қор қызметіне кірмейді.

Дана Ешкенова