МТРА жаңалықтары

Университет түлектерінің жұмыспен қамтылуы

 

Жергілікті жалғыз жоғары оқу орнын жыл сайын 2 мыңға жуық түлек тәмамдайды. 4 жыл оқып, қолына димпломын алған жас қайда барып жұмыс істеймін деп ойлайды. Заңды сұрақ. Сәтін салса өз мамандығы бойынша кәсіп табады немесе басқа мамандыққа бейімделуіне тура келеді. Осы ретте алған біліміне сай қызмет табуда жас маманға университеттегі мансап және жұмыспен қамту орталығының өкілдері қолдау көрсетеді. Ұйымның мақсаты – студенттерді кәсіптік тәжірибеден өткізу және университет түлектерін жұмыспен қамту.

БАҒИЛА ҚАНЖІГІТ, Қозыбаев университеті мансап және жұмыспен қамту орталығының әдіскері:
– Студенттерімізді жұмысқа орналастыру үшін университетімізде көптеген шаралар өткізіледі. Мансап және жұмыспен қамту орталығы студенттерді тәжірибеге де жіберіп отырады. Сол тәжірибе орындарында оқуды аяқтаған соң жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастырамыз. Біз жыл сайын 1-ші мамырға дейін бүкіл түлектерді бос жұмыс орындарына бөліп, оларға жұмысқа жолдама жіберіп отырамыз. Солар арқылы олар жұмысқа орналасады немесе өздері болашақ жұмыс орындарынан қолдау хаттарын алып келеді. Сол арқылы біз жұмысқа жолдама хаттарын береміз.

Биыл да Қозыбаев университетін 2 мыңнан аса түлек тәмамдады. Олардың 90 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы тиіс. Өйткені, орталық өкілдері жастарға тиісті жолдама берген. Әлішер Әшімов әлден өз мамандығы бойынша жұмыс істеуде. Университетті биыл бітірген түлектің 2 жылдық еңбек өтілі бар. Аталған саладағы қызметін биыл да жалғастырады.

ӘЛІШЕР ӘШІМОВ, Қозыбаев университетінің түлегі
– Журналист мамандығына оқуға түсемін дегенде жақындарымның көбісі қарсы болды. Болашақта жұмыс таба алмайсың деп көндірмекші болды. Дегенмен, өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрмін. Күнделікті жаңа адамдармен танысып, сюжет жазамын. Жұмысым өзіме ұнайды.

Мансап және жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша жұмысқа жолдама ең алдымен тегін бөлімде оқитын студенттерге беріледі. Өйткені, олар грантты 3 жыл көлемінде жұмыс істеу арқылы өтеуге міндетті. Айта кетейік, өткен жылы осындай әдіспен түлектердің 85 пайызы жұмыспен қамтылған. Әсіресе, мұғалім мамандарға деген сұраныс көп.


Самал Жунусова