Білім

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды

 

Қазақстанда мектеп түлектерінің білімі сарапқа салынған сынақ аяқталды! Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында сөз алған сала өкілдері алдымен сандарды тілге тиек етті. Биыл еліміздегі орташа балл 66-ны құрады.

ГҮЛЖАН ДЖАРАСОВА, ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры:
– Негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың ішінде 160 мың өтініш бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш екінші мүмкіндікке берілген. ҰБТ қорытындысы бойынша 154 мың талапкер 2 мүмкіндікті есептегенде 276 мың рет тест тапсырған.

Жасалған тиісті жағдайларға байланысты бақ сынауға шешім қабылдаған ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны артыпты. Биыл мұндай 811 ұл-қыз сұрақтарға жауап берген. Былтыр бұл көрсеткіш 90-ды құраған екен. Ұлттық бірыңғай тестілеуді 3 тілде тапсыруға болады. Биылғы талапкерлердің 76 пайызға жуығы қазақ тілін таңдаған.

ГҮЛЖАН ДЖАРАСОВА, ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры:
– Ережеге сәйкес, барлық бейнежазба жылдың соңына дейін талданады. Тыйым салынған заттар табылған жағдайда талапкердің нәтижесі жойылады. Егер ол грант жеңіп алса, грант та жойылады.

Мысалы, өткен жылы Қазақстанда 38 бала грантынан айырылыпты. Тиісті ереженің сақталуы үшін министрлік өкілдері сынақ алдында да аянбай тер төкті. Олар әр тестіленушіне мұқият тексерді. Нәтижесінде жүздеген тыйым салынған зат табылды. Биылғы статистика былтырғыдан біршама төмен.

РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры
–  Өткен жылы 756 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтпек болған. Биыл мұндай 327 жағдай тіркелді. Тестілеу кезінде 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Бұл былтырғыдан 4 есе төмен.

Тестілеуге келген түлектер түрлі айла-әрекетке барыпты. Арасында ойларын жүзеге асырғандар да бар. Мысалы, елімізде 3 бала 139 балл жинаса, жазбаны қайта қарау кезінде соның екеуінің ереже бұзғаны анықталған. Қазір соңғысы да тексеріліп жатқан көрінеді. Ал Алматы облысында талапкердің орнына басқа біреу кірмек болмақ. Естімеген елде көп.

РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры
– Тек 1 факті тіркелді. Бұзушылық кіреберісте анықталды. Ағасы туған інісінің орнына тест тапсырмақ болған. Өткен жылы мұндай 18 жағдай анықталған еді.

Әділ жолмен тест тапсырып, арқаларын кеңге жайған түлектердің құлағына алтын сырға! Брифинг барысында сала өкілі грант көп бөлінген бағытты да атай кетті.

ГҮЛЖАН ДЖАРАСОВА, ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры:
– Биыл гранттардың саны 16 жарым мыңға артып отыр. Гранттардың басым бөлігі техникалық мамандықтарға бағытталған.

Сынақ барысында немесе жазба қорытындысы бойынша нәтижесі жойылған балалар да оқуға түсе немесе оқуын жалғастыра алады. Ол үшін жастар қаңтар-наурыз айларында тапсырған тест сертификаттарын пайдалану қажет. Бірақ, тегін білім алу мүмкіндігі берілмейді.

Байболат Култанов