Мәдениет

Құлеке батырдың дүниеге келгеніне – 320 жыл

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрында Құлеке Тәңірбердіұлының 320 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар жиналды. Конференция барысында дүйім жұртқа Құлеке батырдың өмірбаяны баяндалды. Ол 1702 жылы қазіргі Шал ақын ауданы жерінде дүниеге келген. Батыр жұртшылыққа Шал ақын бабамыздың әкесі, Абылай ханның оң қолы, елші, мәмлегер ретінде таныс. Өз заманында талай мәрте ұлы шайқастарға қатысып, ерлікпен көзге түскен. Бүгінде Шал ақын ауданында Құлеке батырдың 7-ші ұрпағы тұрады. Мұрат Жантілеуовтың сөзінше түрлі зерттеулердің нәтижесінде жаужүрек жауынгер жайлы қазіргі таңда біраз ақпарат бар.

 Мұрат Жантілеуов, Құлеке батырдың 7-ші ұрпағы
– Бабамыз талай елшілкке барған. Ресей, Қытай секілді елдерде келіссөздер жүргізді. Бұның барлығы тарихта бар. Қазақтарды Есіл өзенінің бойына әкелген де Құлеке батыр. Жекпе-жекте 3 есектің батырын жеңіп, қазақтарды Абылайханның жарлығымен өзен бойына алып келген.

Ер есімі – ел есінде. Құлеке батыр 30 жыл бойы Қазақ хандығының нығаюына үлес қосқан, ішкі және сыртқы саясатқа белсене араласқан. Оның есімі ресми құжаттарда 40-тан астам рет жазылған екен. Мысалы, 1732 жылы Орта жүздің ханы Сәмекенің елшісі ретінде Санкт-Петерборға барып, императрица Аннаның қабылдауында болған. Ол жерде жаужүрек жауынгер біраз мәселелерді шешіп қайтқан екен. Сондай-ақ, Қазақ хандығы аумағында қазақ-қытай қарым-қатынасының шиеленісуі кезіндегі қарулы қақтығыстардағы Құлеке батырдың қолбасшылық қызметі туралы көптеген мәліметтер бар. Осы ақпараттарға сүйене отырып, ақын, жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов Құлеке батырға арнап пьеса жазған.

Баянғали Әлімжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
– Тарихи деректерге негіздеп, осының барлығын көркемдік қиялмен суарып, шамам келгенше көркем бейне жасауға тырыстым. Пьеса 1 айдын көлемінде жазылды. 35 беттен тұрады.

Содан жаужүрек жерлесіміз жайлы жергілікті театрда қойылым сахналау туралы ой туындаған. Осы мақсатта театр директоры Біржан Жалғаспаев Павлодар облысынан арнайы Ержан Қауланов есімді режиссёрді шақыртқан.

 Ержан Қауланов, қоюшы режиссёр
– Бұл спектакль жайлы маған басында осы театрдың директоры Біржан аға хабарласып айтты. Пьесаны оқып көріңіз деп ұсыныс жасады. Кейін шығарманы оқып, авторымен сөйлесіп, қойылым қоюға келістім. Біз 1 айдан астам дайындалдық. Бұл спектакльде жергілікті театрдың 20 шақты актері өнер көрсетеді.

Ғылыми-практикалық конференция аяқталғанан кейін жиналғандар Құлеке батыр жайлы премьераны тамашалады.

Спектакльдің басында Құлеке батырдың жастық шағы сомдалды. Жас жігіт мал айдап жүріп Сандық есімді қызбен танысады. Екеуінің араларында махаббат сезімі пайда болады. Кейін бұл қыз Төле бидің қызы екендігі, кезінде әке-шешелері оларды атастырып қойғандары белгілі болады. Басты рөлді актер Тұрақ Дұрыспеков сомдады.

Тұрақ Дұрыспеков, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:
– Бұл рөл менің бағыма байланған рөл екен. Маған бұйырғанына өте қуаныштымын. Бұл спектакльде мен Құлеке батырдың жастық шағы мен қартайған кезін сомдаймын.

Қойылымда Құлекенің Келдек есімді батырды жеңгені, осы жеңістен кейін батыр атанғандығы көрсетілген. Бұл спектакль қыркүйек айында Құлеке батырдың кіндік қаны тамған жер – Шал ақын ауданында сахналанбақ.

Дана Ешкенова