Денсаулық сақтау

Жастар денсаулық орталықтарының пайдасы

Петропавлдағы емханаларда жастар денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Мұндай ұйымдар 2019 жылдан бері құрыла бастаған. Мақсат – өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарға қолдау білдіру. Қолдау-көмек бірнеше бағытта көрсетіледі: медициналық, психологиялық және заңгерлік тұрғыда. “Денсаулық” емдеу мекемесіндегі жастар орталығына көбінесе 22 мен 25 жас аралығындағы жастар келеді екен.

ЛАРИСА МИХАЛЕВА, «Денсаулық» жеке меншік коммерциялық емес мекемесінің бөлім меңгерушісі:
– Бізге келетін жастар тиісті көмекті тегін ала алады. Маманға жүгінген жандардың жас аралығы 12 мен 29 жастың аралығын қамтиды. Қамқорлық пен қолдау іздеген жандарға ашықпыз. Қай емханада тіркелгеніне қарамаймыз, қабылдай береміз. Айтылған сыр осында қалады. Барлығы анонимді түрде жүргізіледі.

Орталықта гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, фельдшер, психолог, уролог және заңгер жұмыс істейді. Мұндағы мамандар алдағы уақытта онлайн кеңес беруді де жоспарлап отыр.

ДАНИЯР ДАРБАЕВ, “Денсаулық” жастар денсаулық орталығының психологы:

– Жастар көп жағдайда жеке мәселелерімен жүгінеді. Тұрмыстық түйткілдерді алға тартады. Жасөспірімдер ата-анам мені түсінбейді деп келеді, ал ерлі-зайыптылар араға сызат түскенін айтады. Біз оларға барынша көмектесуге тырысамыз. Кей жағдайда заңгердің көмегі керек болып жатады. Аталған маман қандай да бір құжаттарды алуда қиындықтар туындағанда немесе адам белгілі бір заң нормаларынан хабарсыз болған жағдайда кеңес береді.

Жастар денсаулық орталықтарына келушілерге қолдау мен көмек МӘМС аясында көрсетіледі. Қор мамандарының айтуынша соңғы уақытта орталыққа жүгінушілердің саны артқан. Жыл басынан бері құны 431 млн теңгеден асатын 182 мыңнан аса қызмет ұсынылған.


Самал Жунусова