Мәдениет

«Qyzyljar music fest» халықаралық фестивалі бастау алды

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Петропавлда «Qyzyljar music fest» халықаралық фестивалі бастау алды. Алғаш рет өтіп жатқан шара шілденің 7-ісіне дейін жалғасады. Бір апта бойы қаланың бас алаңында түрлі жанрдағы концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтардың назарына дәстүрлі әндер ұсынылды

«Сегіз сері», «Әлқисса» фольклорлық ансамбльдері, «Туған жер» мен «Әдемау» би ансамбльдері. Дәстүрлі әншілер Жанат Айтбаев пен Біржан Есжанов өнер көрсетті. Сонымен қатар, фестиваль қонақтары Ерлан Рысқали мен Нұрболат Арзамас құлақтың құрышын қандыра ән орындады.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев көрермендерді өткен және алдағы мерекемен құттықтады.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Бұл фестиваль Ұлттық домбыра күні мен Астана күні аясында ұйымдастырылып. Оған жергілікті таланттармен қатар, еліміздің және әлемнің таңдаулы өнерпаздары қатысқалы отыр. Ұлттық өнерімізді насихаттау, оны келер ұрпаққа жеткізу, ел мәдениетін дамыту баршамыздың азаматтық парызымыз деп санаймын.

Ауа райының салқындығына қарамастан алаңға жиналған көрерменнің қарасы қалың.
Концерт қала тұрғындарының ғана емес, қонақтардың да көңілінен шықты.

блиц:
– Нұр-Сұлтан қаласынан келдім. Кездейсоқ естіп, көріп жатырмын. Өте керемет. Маған ұнады. Жақсы әсер алып жатырмын. Әсіресе, қазақ халқының осындай өнерін тамашалап, халыққа көрсетіп жатқан өте керемет.
–  Біздің Шымкентте бұндай концерттер жоқ. Қазақ халқының мәдениетін енгізіп, осындай халыққа көңіл көтеріп, концерт беріп жатқандарына рахмет.
–  Мен өзім міне телефоныма жазып, бүкіл туысқандарыма жеткізіп жатырмын. Осындай концерт болып жатыр деп.

«Qyzyljar music fest» халықаралық фестивалі аясында концерттер күн сайын кешкі сағат 19:30-да бастау алып, 2,-3 сағатқа жалғасады.


Самал Жунусова