Спорт

Егіз палуандар Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынды

Рауан мен Нариман егіздер. 17 жастағы палуандар 26-шы маусым Қырғыстан астанасы Бішкекте өткен Азия чемпионатында алтын медаль еншіледі.

НАРИМАН БЕКІТОВ, грек-рим күресінде өткен Азия чемпионатының жеңімпазы:
– Финалда Өзбекстан спортшысымен күрестім. 8:2 нәтижесімен жеңіске жеттім. Бұған дейін Түркияда өткен халықаралық кубокта 3-ші орын алғанмын.

РАУАН БЕКІТОВ, грек-рим күресінде өткен Азия чемпионатының жеңімпазы:
– Ал мен финалда қырғызстандық спортшымен күрестім. 8:0 нәтижесімен ұттым. Өзімнің үлгі тұтатын палуандарым бар. Олар: Айдос Сұлтанғали мен жерлесіміз Данияр Кәленов.

Грек-рим күресімен ағайындылар бала кездерінен айналысады. Олардың жеңіске жеткенін естігенде көзіме жас келді дейді аналары Айсұлу Бекітова.

АЙСҰЛУ БЕКІТОВА, Рауан мен Нариманның анасы:
– Әр жарыстың алдында қатты уайымдаймын. Осы жолы жақсы хабар естігенде қуанышым қойныма сыймай жылап жібердім. Балаларыммен мақтанамын. Бұл әлі бастамасы. Алда биік белестерді бағындырады деген үміттемін.

Ағайындылар 51 және 55 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Азия біріншілігіне қос палуан жақсы дайындалып барыпты. Алайда, демалуға уақыт жоқ. Алдағы 24 шілдеде Италияда өтетін әлем чемпионатына дайындыққа кірісіп кетті.

Самал Жунусова