МТРА жаңалықтары

Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы

Петропавлда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды домбыраның құлағында ойнаған өнерпаздар ашты. Артынша өңір жетекшісінің орынбасары Дәурен Жандарбек сөз алып, аймақтағы статистиканы тілге тиек етті.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:
– Қазіргі таңда облысымызда 7532 көпбалалы отбасы тұрады. Мұнда 3659 анаАлтын алқа“, “Күміс алқа“, “Ана даңқы“, “Батыр анаатағына ие. Отбасылардың барлығы жанжақты мемлекеттік қолдау алып жатыр. Ешкімді назардан тыс қалдырмауға күшімізді салып отырмыз.

Қолдау алдағы уақытта да көрсетіледі. Себебі, ана – өмірдің бастауы, үйдің берекесі, қоғамның ұйытқысы. Айта берсең, теңеу көп. Жергілікті “Әжелер мектебі” клубының мүшесі, педагогикалық еңбек ардагері Қымбат Исманованың баяндамасын жиналғандар ұйым тыңдады. Басына ақжаулық тағып, көпке үлгі болған апамыз алдымен кезіндегі жаужүрек қазақ қыздары жайлы айтып өтті.

ҚЫМБАТ ИСМАНОВА, “Әжелер мектебі” клубының мүшесі:
– Сонау 41-45 жылдардағы Отан соғысына қатысқан Хиуаз Досанова – алғашқы ұшқыш, қазақ қызы. Өзіміздің ару, пәк көңіліменен дүниеден өткен Әлия менен Мәншүгіміз. Осындай мысалдар толып жатыр.

Қымбат Исманова біртіндеп бүгінгі күнге келді. Кейуананы кешегі “Қаңтар оқиғасы”, әсіресе, көздері қызара ұмтылған жастардың іс-әрекеті қатты күйіндіріпті. “Мұның барлығы тәрбиенің төмендеп кеткенінен орын алды”,- дейді апамыз.

ҚЫМБАТ ИСМАНОВА, “Әжелер мектебі” клубының мүшесі:
–  Біздің ұлттық құндылықтарымыздың құлдырап кеткенін айтқалы отырмын. Біз 35 жылдың ішінде ілгері жылжуымыз керек еді. Бірақ, қасіретті “Қаңтар оқиғасы” біздің тәрбиеміз, жастарымыздың тәрбиесі төмендеп тұрғанын көрсетті. Бұл жерде тағы алға ана шығады. Өйткені, шаңырақта тәрбиені ана береді.

Қазақ – үлкенді де, кішіні де сыйлай білген халық. Бұл игі дәстүрден жаңылмау қажет. Қымбат Исманова залда отырған аналарды бала тәрбиесіне мықтап көңіл бөлуге шақырды. Алқалы жиынға ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі Нәзипа Шанаи да қатысты. Ол Президенттің тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан “Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт” жобасына тоқталды. Аталған бастама ұл-қыздардың тәрбиесіне арналған.

НӘЗИПА ШАНАИ, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі:
– Біз балаларымызға кітап оқы дейміз. Бірақ, бүгінде заманауи бала оқитын кітап бар ма? Оларды қызықтыратын образ қалыптастырдық па? Атқа мініп көрмеген бала Ертөстікті түсіне ме? Осы үшін біз ертегі жазу конкурсын жариялағанбыз.

“Бұл жұмысты біздің өңірде мықтап қолға алу қажет. Ертегі жазып, оны теледидардан ұсынуға өлкеде мүмкіндік бар”,- дей келе Нәзипа Шанаи жергілікті аналар кеңесінің өкілдерін “Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт” жобасы аясында аянбай тер төгуге шақырды.

Байболат Култанов