Облыс әкімі Тайынша ауданында болды

МТРА жаңалықтары

19:04 30 Маусым 2022
Бақша дақылдарын өсіруді мықтап қолға алу қажет. Бұл тапсырманы Тайынша ауданында болған облыс әкімі Құмар Ақсақалов кәсіпкерлерге жүктеді. Өңір жетекшісі, сондай-ақ, жол құрылысын көріп, Чкалов ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Бүгіндері «Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалов» бағытындағы жолда жұмыс қызған. Қазір “Көкшетау жолдары” серіктестігі трассаның 8 шақырымын қайтадан қалыпқа келтіруде. Олар ескі жабындыны алып тастап, мұнда жаңадан асфальт төсеп жатыр. Оған 1,2 млрд теңге қаржы жұмсалады. Шаруа 2021 жылы басталған. Мердігер компания тамыз айында жөндеу жұмыстарын толық аяқтаймыз деп отыр. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов істің сапалы орындалуы басты назарда болуы керек деді.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ 
– Биыл 5 жылға созылған ауқымды жоба аяқталады. Бұл жол Ақжар, Уәлиханов және Тайынша аудандарының тұрғындары үшін маңызды. Қаржы уақытылы беріледі. Сондықтан, енді сапаға назар аударыңыздар. Ешқандай олқылық болмауы тиіс.Құмар Ақсақалов “Агрофирма Эксимнан” серіктестігіне соқты. Мұнда 4,65 гектар жерге картоп, қызылша, сәбіз, пияз, орамжапырақ, қияр мен қызанақ отырғызылыпты. Бұрын бұл жерде бау-бақша дақылдары егілген екен. Бірақ, соңғы жылдары жер қараусыз қалып, шөп басып кеткен. Қазір оны басқа кәсіпкер алып, жаңғыртуда.

 БАУЫРЖАН ТАСМАҒАНБЕТОВ – «АГРОФИРМА ЭКСИМНАН» ЖШС ДИРЕКТОРЫ, ТАЙЫНША АУДАНЫ 
– Аумағы үлкен, жері құнарлы. Сондықтан, біз осында бау-бақша дақылдарын отырғыза бастадық. Алынған өнім жергілікті тұрғындар мен қызметкерлерге арзанға беріледі. Біз 5 млн теңгеге жуық қаржы құйдық. Оның бір бөлігі тыңайтқышқа және тамшылап суару әдісін қолдануға жұмсалды.

Қазір мұнда 12 адам еңбек етеді. Олар бау-бақша дақылдарының арамшөптерін жұлып, тазалықты сақтауға көмектеседі. Өңір жетекшісі мұндай бақшалардың санын көбейту қажеттігін атап өтті.

 ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Осындай шаруашылықтар көбеюі тиіс. Бұл ауыл адамдарын жұмыспен қамтуға септеседі әрі тұрғындар арзан өніммен қамтылады. Тағы осы дақылдарды сақтайтын қойма салсаңыздар жақсы болар еді. Онда өңір халқын жыл бойы өзімізде өсірілген көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Кейін облыс әкімі Чкалов ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ең алдымен Құмар Ақсақалов өңірімізде жасалып жатқан істерді айтып берді. Содан соң, тайыншалықтар аймақ басшысына өз базыналарын жеткізді. Солардың бірі Чкалов ауылындағы мәдениет үйінің болашағына қатысты. Бір кездері жекенің қолына өтіп кеткен нысанның бүгіндері есік-терезесі сынып, сұрқы қашқан.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ 
– Өкінішке қарай, бізде мұндай нысандар көп. Алдағы уақытта оны кәсіпкер сатып алып, қалыпқа келтіруге дайын. Тек ең алдымен құжаттарын ретке келтіру қажет. Сосын біз қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

Петровка ауылының тұрғындары жергілікті мектепті қалыпқа келтіру қажеттігін айтты. Бүгінде 252 бала білім алатын білім ұясы 40 жыл күрделі жөндеу көрмеген. Облыс әкімі келер жылдың жұмыс жоспарына білім беру мекемесін қосатындығын жеткізді. Ал чкаловтықтар дәрігерлік амбулаторияға аурухана мәртебесін қайтаруды сұрайды. Бұл оларға стационарда жатып ем қабылдау мүмкіндік бермек.

ЛЮФТ: ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ,  СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ 
ауд: “Адам саны аз болғындықтан біз норматив бойынша бұл емдеу мекемесін дәрігерлік амбулатория етіп өзгерттік. Қазір мұнда 5 дәрігер еңбек етеді. Күндізгі стационар да сақталған”.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ 
– Мен мұнда аудандық аурухананың бөлімшесі болғандығына қарсы емеспін. Өйткені, қалаға не аудан орталығына қатынау қиын. Жол алыс. Сондықтан, бір шешімін табамыз деген ойдамын.

Жиын соңында облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге халыққа барынша қолдау көрсетіп, туған жердің дамуына ат салысу қажеттігін тағы да бір ескертті.


Данаш Хамзина

Бұдан әрі оқыңыз

Бас прокуратура: Қазақстандағы жер тапшылығы қолдан жасалған
Жаз келгелі адамдардың жоғалуы жиілеген
“Барс-Строй”-дағы тауарлар таңдай қақтырады
Жемқорлықпен күрес
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметіне сыртқы талдау жүргізілмек
Ауылдағы ағайынның үйіне таза ауыз су кіргізілуде
Ауыл әкімдеріне арналған дәріс
2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы жайлы
Құрбан айт мейрамы
Өңір тұрғындарының 81%-ы интернетке әлеуметтік желіде отыру үшін кіреді
МТРК жаңалықтары 13.07.2022
Ұлт денсаулығы – ел байлығы