МТРА жаңалықтары

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау

Тауардың немесе қызметтің сапасы көңілден шықпай, сан соғып қалатын тұтынушылардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаяр емес.

Ағымдағы жылдың 5 айында облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 170 арыз-шағым келіп түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда айтарлықтай артқан. Тұрғындардың дені көп жағдайда сауда орындарында құқықтары бұзылатынын айтып шағымданған. Сапасыз тауарды алмастыра алмаған немесе оның жай-күйі мен жарамдылық мерзімі туралы ешбір мәліметті біле алмаған. Ал сатып алған дүниесінен кемшілік тауып жатса, кәсіпкерлер оның қайтармақ түгілі айырбастап та бермеген екен.

Ләзім Мияшева, СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
– Тұтынушылардың құқықтары бөлшек сауда жасау кезінде көп бұзылады. Мұндай жағдайлар базар мен дүкендерде, түрлі тауар сататын шағын кәсіпкерлік субъектілерінде жиі кездеседі. Сауда орнының қызметкері немесе оның иесінің тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне мән бермейтін жағдайлар да аз емес. Сондай-ақ, тауарды Интернет арқылы рәсімдеп, сан соғып қалып жатқан жайттар да жетерлік.

Талдау көрсеткендей, қазіргі таңда сатып алушылардың көпшілігі тауарға үйден шықпай-ақ әлеуметтік желі арқылы тапсырыс береді. Алайда, өзге қаладан немесе шет елден келген тауар кейпі жарнамадағы түріне мүлдем сәйкес келмей жатады.

Ләзім Мияшева, СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
-Осыған байланысты сатушылар мен тұтынушыларда Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес тауарды электрондық сауда арқылы өткізу кезінде тауардың атауы, тауарды сатып алу құны мен шарттары туралы ақпарат болуы тиіс. Сондай-ақ, сатып алушыларға тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, өнімнің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтер берілуі міндетті. Ақпараттың барлығы қазақ және орыс тілінде болуы тиіс.

Жалпы, мамандардың сөзінше, өнімді дүкенге қайтарудан қорықпау керек. Қолданыстағы заңға сәйкес, тұтынушы тауардан кемшілік тапқан жағдайда оны ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Егер сатушы бұйымтайға 10 күн ішінде жауап бермесе немесе клиенттің заңды талаптарын орындаудан бас тартса, онда сатып алушы бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін арнайы ведомствоға және сотқа жүгіне алады.

Надежда Дубовая, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:
– Тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығына да арыз-шағымдар келіп түседі. Тек соңғы 3 айдың ішінде 60-қа жуық өтініш қабылдадық. Арыз-шағымдардың арасында азық-түліктің жарамдылық мерзіміне қатысты наразылықтар өте көп. Кәсіпкерлік нысандарды тексеру мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий жарияланғаннан бері бизнесмендер өз істеріне салғырт қарайтын болды. Сондықтан, сатып алушыларға тауарды сатып алмас бұрын мерзімге мән беру қажеттігін еске саламын.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ақпарат алу үшін e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесіне немесе 52-42-32 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады. Сондай-ақ, өтініштерді e-Gov.kz, e-Otinish ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта жіберуге болады.


Дана Ешкенова