МТРА жаңалықтары

Салық заңнамасындағы негізгі өзгерістер туралы

2022-ші жылдың басында салық заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Солардың негізгілеріне қатысты арна тілшілеріне Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Қабдөшев сұхбат берді. Біреу білсе, біреу білмес, сәуір айында елімізде айлық есептік көрсеткіштің көлемі тағы ұлғайды. Осы жолы өсім 117 теңгені құрады. Бірақ, бұл өзгерістің белгілі бір санаттағы жандарға ғана қатысты екенін айта кету қажет.

ТӨЛЕГЕН ҚАБДӨШЕВ, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:
– Осы жылы АЕК 3063 теңгеден 3180 теңгеге өсті. Бірақ, бұл 3180 теңге бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге байланысты.

Яғни, жәрдемақылар, өзге де әлеуметтік төлемдер жаңа сома негізінде саналады. Ал салықтар, айыппұлдар мен тағы да басқалар бұрынғыша 3063 теңге бойынша есептеледі. Заңнамаға енгізілген келесі өзгеріс – қазынаға аударылатын қаржыны кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу. Қазір отандастарымызға осындай да мүмкіндік жасалып отыр.

ТӨЛЕГЕН ҚАБДӨШЕВ, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:
–  Біз банк сияқты кепілзат аламыз. Мысалы, мүлік кепілзат бола алады. Бірақ, салық төлеушінің 1 ғана мүлкі болса, ол кепілзат ретінде алынбайды.

Қазір заңда салық төлеуші паспорты деген де түсінік бар. Мұндай жаңашылдықты қоғамдық тамақтану мен сауда нүктелерінің иелері ұсынуы қажет. Құжатта клиент бас сұққан орын жайлы ақпар болады. Жасалған жағдай, ұсынылған қызмет көңілінен шықпаса, тұлға паспортағы дереккөздер арқылы құзырлы органдарға хабарласа алады. Сөз соңында аз-кем статистикамен бөлейік. Соңғы 5 жылда өңірімізде қазынаға түсетін салықтың көлемі 2,5 есеге ұлғайыпты. Былтыр 121 млрд теңге аударылған екен. Өлкедегі ең ірі салық төлеушілер – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ мен Оңтүстік Орал темір жолы. Аймақта бюджетке қарыз заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер де бар. Олардың берешегі 1,2 млрд теңгені құрайды.

Байболат Култанов