Мәдениет

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарихы

Биыл облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан нысанға 270 жыл толады.

Шаһардағы Қазақстан Конституциясы көшесі – әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі. Оның ұзындығы 2 шықырымды құрайды. Көше бойы түрлі тарихи нысандарды кезіктіруге болады. Соның бірі – бәріне таныс облыстық тарихи-өлкетану музейі. Бұл нысанның тарихын бірі білсе, бірі біле бермейді. 19-ғасырда тұрғызылған ғимаратта кезінде Стрелов пен Аркель есімді ағайынды көпестер тұрған.

Меруерт Тілекова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:
– Бұл нысан күйдірілген кірпіштен қаланған, төбесі темірмен қапталған. Мұндай ғимараттар ғасырлар бойы сақталып тұрады. Кезінде нысанды тұрғызу үшін Стрелов пен Аркель есімді ағайындының анасы Мавра Филипповна зор үлес қосқан. Ол кісі кезінде Петропавлда бұрын болмаған істің негізін қалапты. Яғни, дәріханалық және парфюмерлік тауарлармен айналысқан және Мәскеуден тұрмыстық химия әкеліп, саудалаған.

Аналары қайтыс болғаннан кейін бизнесті ағайындылар басқарған. Дәл осы жерде бұрын көпестердің дүкені орналасқан екен. Бүгінде бұл – ҚР Тұңғыш Президентінің залы. Ал көрші ғимаратта ағайындылар бала-шағасымен тұрыпты. 1917 жылғы аязды ақпан айында революция басталып, Стрелов пен Аркель Колчак армиясына жұмылдырылған.

Меруерт Тілекова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:
– 20-жылдардың соңында ағайындылар ату жазасына кесіледі. Себебі, оларға Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс жасады деген айып тағылады. Ал олардың ұрпақтары жайлы өте аз ақпарат сақталған. Кезінде көпестердің балалары Петропавлдан көшіп кетуге мәжбүр болған.

Ал 20-ғасырдың соңында көпестердің екі қабатты үйі мен қойма бөлмелері музейге айналды.

Еркебұлан Ахметжанов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:
– 1982 жылы бұл ғимарат облыстық тарихи-өлкетану музейіне беріледі. Қазіргі таңда мұнда өңірдің тарихымен танысу үшін 12 көрме залы құрылған. 2005 жылы күрделі жұмыс жүргізудің нәтижесінде ғимарат қайта жаңа күйге енді.

Мұнда өлкенің 20-шы ғасырдағы тарихы жан-жақты қамтылған. Музей ішінде азаматтық соғыс пен революция, екінші дүниежүзілік соғыс туралы деректермен кеңірек танысуға болады.


Дана Ешкенова