Мәдениет

Алдағы үш мереке қалай аталып өтіледі?

Петропавлда елорданың 24 жылдығы мен Ұлттық домбыра күні және облыс орталығының 270 жылдығы қалай аталып өтілмек?

Облыс орталығында Ұлттық домбыра күні мен Астана күні аясында бірқатар ауқымды іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Шілденің 1-і мен 7-сі аралығында «Qyzyljar MUSIC FEST-2022» халықаралық фестивалі өтеді. Іс-шараға шет елдерден, еліміздің және облыстың танымал әншілері мен бишілері қатыспақ. Жалпы, 300-ге жуық әртіс солтүстікқазақстандықтарға өз өнерлерін паш етпек.

Досбол Әбдiрейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
– СҚО әкімдігінің қолдауымен алғаш рет шаһарда халықаралық деңгейде фестиваль өтпек. Фестивальдің әр күнінің өзіндік концепциясы бар. Фестивальдің бірінші күні Дәстүрлі музыкамен басталады. Шығармашылық ұжымдар халық музыкасын, фольклорды, заманауи авторлардың шығармаларын ұсынады. Бұл күннің хедлайнерлері – Нұрболат Арзамасов пен Ерлан Рысқали.

Ал шілденің 2-сі күні орталық алаңда петропавлдықтар үшін әртістер жеңіл эстрададан бастап күрделі композицияларға дейін дәстүрлі джаз стилінде әндер ұсынады. Келесі күні мың бұралған бишілер халықтық стильде заманауи билер билемек. Осы ретте айта кетейік, сол күні шаһар төрінде өз өнерін жұртшылыққа Башқұртстан Республикасынан келген «Айтуған» халық би ансамблі паш етпек. Шілденің 4-і – Эстрада күні. Бұл күні атақты қазақстандық скрипкашы, музыкалық педагог, профессор Алма Мұсақожаева
мен еліміздің жас әртісі, әнші Мирас Жүгінісовтің қатысуымен ауқымды іс-шара өтпек.

Досбол Әбдiрейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
– 5-ші шілдеде кезекте Марио Пьетродаркидің (Италия, бандонеон) қатысуымен танымал классикалық музыка орындалады. Шілденің 6-сы «Астана Опера» опера және балет театры «Шелковая лестница» опералық фарсын ұсынады. Фестивальдің соңғы күні 7-ші шілде Гала концертпен аяқталады.

Бұнымен мерекелік іс-шаралар аяқталмайды. Петропавлдың 270 жылдығы да бар сал-салтанатымен аталып өтілмек. Жексенбі, яғни шілденің 10-ы күні Қазақстан Конституциясы көшесінің басынан аяғына дейін түрлі іс-шаралар мен концерттер, шоулар ұйымдастырылады.

Әлия Бейсенова, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
– Ағымдағы жылы қала күнін мерекелеу қалалық мәслихаттың 2005 жылғы шешіміне сәйкес шілденің екінші жексенбісі – 10 шілдеге келеді, Петропавлға 270 жыл толады. Іс-шаралар бас алаңда басталады, онда сағат 11.00-ден бастап жаппай хореографиялық және театрлық қойылымдары бар «Сүйікті қала» театрландырылған концерттік бағдарламасы өтеді. Одан әрі бағдарламаны қала мен облыс солистерінің концерттік бағдарламасы жалғастырады, іс-шараның хэдлайнері ретінде әнші әрі композитор Қайрат Баекенов өнер көрсетеді.

Театрландырылған қойылымдар, концерттер, көрмелер, спорттық жарыстар, тағысын тағы. Қалалық әкімдік шаһардың мерейтойына ауқымды мерекелік бағдарлама әзірлеген. Мәдени іс-шараға бюджеттен 8 млн теңге бағытталыпты. Ал Ұлттық домбыра күні мен елорда күнін атап өту үшін облыстық қазынадан 20 млн теңге бөлінген.


Дана Ешкенова