Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бұрын облыс әкімдері аудандарда жылына 1 рет есеп беретін. Биылдан бастап атқамінерлер тұрғындармен қыста және жазда кездеседі. Өңір жетекшілері енді елордаға да 2 мәрте барып, журналистердің алдына шығады. Сәтті саналатын сәрсенбіде кезек аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа келді. Брифингіде не айтылды? Тілшілерден қандай сұрақ қойылды? Қазір барлығын рет-ретімен жіпке тіземіз.

Әдеттегідей брифингіде сандар сөйледі. Облыс әкімі салалардың ішінен ең алдымен ауыл шаруашылығына тоқталды. Соңғы 5 жылда агроөнеркәсіптік кешенде жалпы өнім көлемі 1,8 есе өсіп, 902 млрд теңгеге жетті. Мұндай көрсеткішке әртараптандырудың арқасында қол жеткізіппіз. Себебі, майлы өнімдер дәнді дақылдарға қарағанда көбірек пайда береді. Мысалы, биыл зығырдың бір тоннасы 340 мың теңгеге бағаланса, бидайдың құны 170 мыңның маңыңда екен.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Майлы дақылдарды өндіріп қана қоймай, оны қайта өңдеу де маңызды жұмыс. Қазір облыста майлы дақылдарды экстракциялау зауыты салынуда. Бұл елдегі ең мықты кәсіпорын болмақ. 15 млрд теңге инвестиция тартылуда. Зауытта 200 адам жұмыс істейтін болады. Жаңа нысан майлы дақылдардың 90 процентін өңдеуге мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығында да мақтана аламыз. Жылына өңірде 10 тауарлы-сүт фермасы ашылады. 1 кәсіпорын 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл осынша отбасының табысы артады деген сөз. Қазіргі таңда ақты өндіріп қана қоймай, оны қайта өңдей де білу қажет. Сапалы өңдей алсақ, өндірілетін өзге өнімдердің көлемі ұлғаяды. Ал мұның барлығы импорттың азаюына алып келеді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Елімізде осы күнге дейін сырттан әкелінетін сүт өнімдері бар. Мысалы, ірімшікті қарастырсақ. Қазақстанда жыл сайын 23 мың тонна ірімшік өндірілсе, осыншама көлем импортталады. Облыста импортты алмастыру үшін осы өнімнің өндірісі өсуде. 2021 жылы өңірде ірімшік өндірісі 2 мың 300 тоннаны құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 43 процентке көп.

Биыл өңірде 663 шақырым жол жөнделеді. Іске бюджеттен 22 млрд теңге бөлініпті. Жоспарланған шаруа тындырылса, өлкедегі жақсы жолдардың үлесі 81%-ға жетеді. Ал 2026 жылға дейін көрсеткіш 100-ге жақындап қалмақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Биыл су желісін тарту және жаңарту 55 ауылда жүргізіледі. 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Осылайша ауыл тұрғындарының 84%-ы сумен қамтылады. 2026 жылға дейін ауыл халқы сумен 100%-ға қамтамасыз етіледі.

Облыс әкімі өңірдің даму динамикасын 15 минуттың ішінде баяндап шықты. Кейін кезек диалогқа келді. Ал қойылған сауалдар аз болмады. Залдағы тілшілер де, брифингті қашықтықтан қарап отырған журналистер де қос-қостан сұрақ қойды. Алғаш көтерілген мәселенің бірі – “Шығыс” ықшам ауданында тоқтап тұрған заманауи аурухананың құрылысы.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Составляется новый договор. Между министерством здравоохрения и застройщиком. Көреміз енді. Жоспар бойынша осы жылдың соңы болуы керек еді. Өзгерістер болатын шығатр.

Петропавлда үй қымбат. Бұған не себеп? Брифинг барысында облыс әкіміне осындай да сұрақ қойылды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз кірпішті Павлодардан, Көкшетаудан әкелетінбіз. 1 кірпішті әкелуге ғана 10-15 теңге жұмсалады. Жаңа бірнеше зауытты, цехты ашқанымызды айтып кеттім.

Енді басты материал өзімізде шығарылады. Бұл келешекте бағаның төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бүгін – Болат Жұмабековтың отставкаға кеткеніне тура 1 апта. Қазір қоғам арасында түрлі алып-қашпа әңгіме жүр. Құмар Ақсақалов экс-шенеуніктің өз еркімен орнын босатқанын айтты. Ал жаңа басшы қашан тағайындалады?

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Жаңа әкім жуырда тағайындалады. Бұрынғы әкім өз еркімен арыз жазды.

Жақында қаладағы автобус иелері субсидия ала алмай жатырмыз деп бас көтерді. Бұл мәселе бойынша комиссия құрылыпты. Енді осы арнайы топ барлығын жіті-тексермек.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Бұл мәселені нақтылап алу қажетпіз. Шығындары өссе, комиссияға оны дәлелдеу қажет. Дәлелдесе, біз төлейміз.

Жөнделіп жатқан 2-ші Жылу электр орталығының күші алдағы қысқа жете ме? Брифингте осыған ұқсас бірнеше сауал қойылды. Облыс әкімі Құмар Ақсалов бұл күн тәртібінде тұрған мәселе екенін айта келе қуат ошағының қауқары жететінін тілге тиек етті.


Байболат Култанов