9 айлық Илья ауруханаға бір ай бұрын түскен. Сәби ыстық су толы шәйнекті өзіне тартып қалып, қолы мен кеуде тұсын күйдіріп алған. Дәрігерлер кішкентай Ильяның жарақаттанған терісін сан жағынан алып ауыстырған. Сәби жазылып келеді.
ВАЛЕНТИНА РУДКОВСКАЯ, Тайынша ауданының тұрғыны:
– Баламның сол қолы мен кеудесі күйіп қалды. Қазір жағдайы жақсы. Тамақты да жақсы ішеді, ойнайды. Бұл бізге сабақ болды. Баланың әр қимылын жіті назарда ұстау қажет.
Жалпы, жарақат емдеу және ортопедия бөлімшесінде термиялық жарақатпен түскен 6 бала ем қабылдап жатыр. Сүйегі сынған балаларды емдеу де оңай шаруа емес. Жаз келіп, демалысқан шыққан балалар күнұзаққа аулада ойнайды. Ойын қызығына түскен баланың бір жерін ұрып-соғып, жарақат алып қалуы әбден мүмкін. Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері жасөспірімдердің жарақат алу жағдайлары, әсіресе, жазда жиілейді дейді.
АСЫЛХАН ЖАҒЫПАРОВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
– 2021 жылы 6 айдың ішінде 4438 бала өтетін болса, ал 2022 жылы осы 6 айдың ішінде 4665 бала. Яғни, 240 балаға травма саны артты. Егер 21 жылы осы маусым айында 138 бала келсе, осы жылы жарақатпен маусымда 178 бала келген. Бала саны күрт өсуде.
Жарақат емдеу және ортопедия бөлімшесінде жыл басынан бері 140-қа жуық бала емделіп шыққан. Қазіргі уақытта 35 бала ем қабылдап жатыр.
НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:
– Травматология бөлімшесінде 40 төсек-орын бар. Олар босамайды. Мұнда күніне 20-дан 60-қа дейін қоңырау келіп түседі, ал жансақтау бөліміне аптасына 2 балаға дейін жатқызылады.
Жансақтау бөлімінде жатқан екі науқастың бірі 16-да, екіншісі небәрі 5 жаста. Бойжеткен үйге кіріп бара жатқанда қатты құлап түскен, ал кішкентай сәби жол апатында зардап шеккен. Жыл басынан бері травматология бөлімшесінде жол-көлік апатында жарақат алған 12 бала емделген. Ақхалаттылардың ата-аналарға айтары – балаға қарап жүріңіздер!
Самал Жунусова