МТРА жаңалықтары

СҚО-да 9 қоқыс полигоны құрылады

 

Облыста қоқыс төгілетін полигондардың 15-сінің ғана құжаттары талапқа сай. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов өлкедегі экологиялық ахуалға тоқталды.

Айтуынша, теріскей өңірінде 4 экологиялық проблема бар.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаментінің басшысы:
– Біріншісі – облыста пайдаланылған уран кен орындарының болуы;
Екіншісі – Петропавлдағы ҚТҚ полигонын пайдалану мерзімінің шектелуі. Үшіншісі – кәріз желілері мен тазарту құрылыстарының тозуы, Мамлютка, Булаево, Сергеевка, Тайынша шағын қалаларында кәріз жүйелерінің болмауы және төртіншісі Петропавл бойынша атмосфералық ауаның күкіртсутегімен ластануы.

Бейінді басқарма басшысының сөзінше аталған мәселелер 2020-2025 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасына енгізілді. Бұл құжат аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Жоба негізінен ауаны ластайтын зиянды заттарды азайтып, су қорын үнемдеуге бағытталған. Тағы заңсыз қоқыс полигондарын жойып, орнына құжат жүзінде бекітілген жаңаларын құру қарастырылған. Яғни, алдағы уақытта 9 ауданда тұрмыстық қалдық тастайтын жаңа орындар белгіленбек.

 Азамат Бектасов, СҚО экология департаментінің басшысы:
– Жол картасы бойынша Тимирязев, Шал ақын, Қызылжар, Уәлиханов пен Ғ.Мүсірепов аудандарында жаңа полигон ашылады.  Қазір жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, барлығы анықталып жатыр. Бұл аудандарда бұған дейін рұқсат етілмеген полигондар болған жоқ. Жалпы, өңірде 15 қана рұқсат етілген полигон бар. Оның 2-уі шаһарда орналасқан. Әрине, бұл өте аз.

Азамат Бектасовтың айтуынша өңірдегі заңды 15 полигонның 80 пайызы толып тұр. Оларды пайдалану мерзімі 2024 жылы аяқталады. Бұдан басқа облыста биыл
заңсыз пайда болған 54 қоқыс үйіндісі табылған.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаментінің басшысы:
– 54 санкцияланбаған орынның 26-сы Петропавл қаласында анықталды. Ал қалған 27 қоқыс орны Қызылжар ауданында тіркелді. Бұл полигондарды жою мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаментіне хаттама жолданды. Нәтижесінде жарты жылдың ішінде заңсыз үйінділердің пайда болуына жол берген 5 адам жауапкершілікке тартылды.

Нақтырақ айтсақ, 5 адамның әрқайсысына 153 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Мұндай жаза Бескөл ауылдық округінің әкіміне де тағайындалыпты. Бәйтерек ауылының маңында орналасқан рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісіне қатысты тұрғындар жиі шағымданатын көрінеді. Бұл полигонды жою мақсатында эколог мамандар облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген екен. Сот талап-арызды қанағаттандырыпты. Енді Бескөл ауылдық округінің әкімдігі шілденің 1-іне дейін үйіндіні жоюға міндетті.


Дана Ешкенова