МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі БАҚ өкілдерін марапаттады

Облыс әкімі БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады. Салтанатты жиынға ақпарат айдынында еңбек ететін тілшілер мен сала мамандары қатысты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Елді игі іске жұмылдырып, берекемізді сақтап, татулығымызды нығайтуда, халық пен билік органдарының арасында алтын көпір болып есептелетін БАҚ рөлінің өте ерекше екенін біз жақсы түсінеміз.

Қазіргі күні облысымызда 30-ға жуық газет пен 3 телеарна бар. Сонда жұмыс істеп жүрген тілшілер қоғамның, саяси, әлеуметтік, мәдени тыныс-тіршілігін жұртқа дер кезінде жеткізіп, халық пен билік арасын жалғап жүр. Салтанатты жиында қолына қалам ұстаған қауымның еңбектері еленді. Өңір басшысы журналистерге Құрмет грамотасын, Алғыс хат пен сыйақы табыс етті.

ӨМІР ЕСҚАЛИ, облыстық “Soltustіk Qazaqstan” газеті қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі:
– Бұл мамандық үнемі ізденісті талап етеді. Әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін.

Облыс әкімі Муниципалдық телеарна ұжымының еңбегін елеп, Алғыс хат табыс етті. Жиын барысында арна басшысы Евгений Сазанов ұжым заман ағымынан қалыспай көрерменге жаңа форматтағы ақпарат легін ұсынып жатқандығын атап өтті.

ЕВГЕНИЙ САЗАНОВ, МТРК телеарнасының директоры:
–  Эфирге 1 сюжетті шығару үшін 15 шақты адам жұмылдырылады. Яғни, бұл 1 ғана адамның емес, командалық жұмысты талап етеді. Біздің ұжым пандемия мен қаңтар оқиғасында да ақпарат легін үзген емес. Халыққа дер кезінде және нақты хабар таратып отырдық. Көрермендер тарапынан біздің арнаға деген сұраныс пен қызығушылық жоғары.

Жалпы, жиын барысында 10-ға жуық БАҚ өкілі облыс әкімінің марапатына ие болды.


Бердимурат Баймухан