МТРА жаңалықтары

Нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық қорытындыланды

Өңірде Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай өткен айлық қорытындыланды. Осыған орай қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Онда спорт мектебінің тәрбиеленушілері каратеден шеберлік сағатын өткізіп, тәртіп сақшылары иттерді үйрету тәсілдерін көрсетті.

Руслан Назаров – СҚО ПД бастығының орынбасары:
–  Бүгін Полиция департаменті Халықаралық нашақорлыққа қарсы күніне орай концерт ұйымдастырып жатыр. Бұл – осы айлық ішіндегі ақырғы шарамыз. Осы уақытта 38 профилактикалық іс-шара өткізілді. Осы шараларға белсенді қатысқан жастарға алғысымызды білдіреміз.

Қоғам қайраткерлері, еріктілер мен блогерлер – барлығы 10 адам алғыс хатпен марапатталды. Жалпы, бір айдың ішінде көптеген іс-шаралар өткізілді. Олар: ашық есік күні, кинокөрсетілімдер мен кинологиялық орталыққа экскурсиялар. Сондай-ақ, жуырда аталған датаға орай автошеру ұйымдастырылды. Петропавл көшелерімен тақырыптық жалаулар тағылған 15 автокөлік жүріп өтті.

Әлфараби Мыңбай – қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Біз – жастар, осы өзіміздің есірткіге қарсылығымызды білдіру мақсатында бүгінгі іс-шараны өткізіп жатырмыз. Бүгінгі іс-шараға еріктілер, қала жастары қатысып жатыр.

Сонымен қатар, полицейлер кибереріктілермен онлайн кездесу өткізді.
Жиында есірткіге қарсы күрес туралы айтылды. Қазіргі уақытта ғаламторды торуылдаған қулар нашаны қашықтықтан сатуға әрекет етеді. Әуелі жастарды оңай ақша табасың де алдайды екен. Тәртіп сақшылары бұндай қауіпті сайттарды бұғаттау мақсатында биыл ІІМ-ге 98 сілтеме жолдаған. Оның 76-сы тиісті тексеруден өткізіліп, нәтижесінде бұғатталды. Сілтемелердің бесеуі облыс тұрғындарынан келіп түскен.


Самал Жунусова