МТРА жаңалықтары

5 мыңға жуық петропавлдық көлік салығын төлемеген

Жалпыға ортақ міндетті орындамаған. Бүгін Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері, тәртіп сақшылары мен сот орындаушылары шаһар көшелеріне рейдке шықты. Шара барысында мамандар көлік салығын төлемей жүрген жандарды жауапкершілікке тартты.

Мәселен, мына «Тойота» маркалы көліктің иесі мемлекетке 344 мың теңге қарыз екен. 75-ші жылғы ер адам көлік салығын 1 жылдан бері төлемепті. Ақыры темір тұлпары айып тұрағына қойылады.

Гүлнар Күзембаева, сот орындаушысы:
–  Жеке сот орындаушыларына темір тұлпар иесінің салық төлемегені жайлы іс 1 апта бұрын келді. Ескерту жасасақ та қала тұрғыны жалпыға ортақ міндетті атқарған жоқ. Сол себепті, оны көшеден іздеуге тура келді. Жүргізушінің көлігін айып тұрағына апарамыз. Қарызын өтеп болғанға дейін машинасы сонда тұрады.

Осы орайда қала тұрғынынан салықты не үшін төлемегенін сұрадық. Ол былай деп жауап берді:

қала тұрғыны:
– Белгілі бір себептермен қаражатым болмай қалды. Сол себепті, салықты төлей алмадым. Енді көлігімнен айырылып қалмас үшін 10 күннің ішінде ақша тауып алуға тырысамын.

Қазіргі күні Петропавлда көлік салығын төлемей жүрген 5 мыңға жуық адам бар екен. Қарыздың жалпы көлемі 243 млн теңгені құрайды.

Айбек Жамбетов, Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:
– 27 маусымнан бастап Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы тәртіп сақшыларымен бірлесіп рейд өткізіп жатыр. Қазіргі күні біз қарызы 30 мыңнан асқан адамдарды анықтап, оларды жауапкершілкке тартамыз. Салықты өтеп болғанша көліктерін айып тұрағына апарып қоямыз. Осы орайда тұрғындарды салықтарын уақытылы төлеуге шақырамыз.

Айта кеткен жөн, өңір тұрғындары берешегі жөніндегі ақпаратты kgd.gov.kz порталы арқылы немесе E-SalykAzamat мобильдік қосымшасы арқылы көре алады. Ал қарызды кез келген мобильдік банк арқылы төлеуге болады.


Бердимурат Баймухан