МТРА жаңалықтары

Бостандық ауылының құрылғанына – 90 жыл

Бірлігі бекем Бостандық. Өткен жексенбі күні бұл елді мекенде ұлан-асыр той ұйымдастырылды. Дүйім жұрт ауылдың 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Думанға осы жердің үлкені мен кішісі де тайлы тұяғы қалмай келген. Татулықтың үлгісін паш еткен жиында түрлі ойындар ұйымдастырылып, ел-жұрт бір-бірімен қауышуда.

Бір жақта білекті жігітіттер белдесіп, күш сынасып жатса, енді бір жерде ағайын тоғызқұмалақ пен шахматтан ой жарыстырып жатыр. Ал мына азаматтар қазақтың ұлттық ойыны «Сақа»-ны ұрып мергендіктерін байқауда. Соңғы аталғанымен осындағы ағайын жақсы таныс.

ЛЮФТ:
Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Аға, біз мына асық ату, бес асық деген ойындарды жиі көріп, естіп жатамыз. Ал, мына ойынды бірінші рет көріп тұрмын. Бұл қандай ойын?
Асан Әскәндіров, Бостандық ауылының тумасы:
– Бұл «Сақа» ойыны деп аталады. Бала кезімізде ойнайтынбыз. Қазір қалып бара жатыр. Ереже бойынша сақаңмен басқалардікін ұтып алу керексің.

Бүгінгі тойға жиналған халықтың қарасы қалың. Мұнда көрші ауылдардан да келіп, жергілікті жұртты құттықтап жатқан ағайын көп. Шара барысында аға буын өкілдері, қазыналы қарттарымыз жастарға ауылдың тарихы жайлы айтып, оның негізін қалаудағы қиындықтарын айтып берді.

Бердімұрат Баймұқан, тілші
– Өткенге көз жүгіртетін болсақ, Бостандық ауылы 1931 жылы ел басына нәубет, ашаршылық түскен уақытта құрылған. Саяси қуғын-сүргін жұмыстары да ауылды айналып өткен жоқ. Дегенмен, сол уақытта совхоз жұмысы тоқтамады. Ауылдың шаруашылығы дамып, экономикалық бағыттары арта түсті. Бүгінде Бостандық ауылында 300-ге жуық адам тұрып жатыр. Инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Шара барысында ауылды дамытуға аудан әкімі 3 млн теңгеге сертификат табыстады.

Ауылдың негізін қалауда белсенді атсалысқан жандардың бірі – Қажымұрат Нәсиұлы. Еңбек ардагері осында 58 жыл тұрып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай тер төккен.

Қажымұрат Нәсиұлы, еңбек ардагері, Мамлют ауданының құрметті азаматы:
–  Мен училище бітірген соң осында туған ауылыма келдім. Жұбайым екеуіміз ауылдың дамуы үшін жұмыс істедік.

Той көпшіліктің көңілінен шықты. Ұл-қыздар алтыбақан теуіп жырғап қалса, алыс қалалардан келген ауыл тумалары бір-бірімен қауышып мәз-мейрам. Халықтың басын біріктірген мерекеге жергілікті жұрт 2 жылдай дайындалыпты.

Шара барысында халыққа концерттік бағдарлама мен киіз-үй ішінде ас ұсынылды.


Бердимурат Баймухан